Сәтбаев Университеті «Алматы – адамдарға арналған жаһандық қала» даму жоспарын іске асыруды қолдауға дайын

29.06.2022 в 13:19

Алматы әкімдігі «Алматы – адамдар үшін жаһандық қала» бағдарламасын әзірледі

Алматы әкімдігі «Алматы – адамдар үшін жаһандық қала» бағдарламасын әзірледі, онда мегаполисті 2025 жылға дейін дамытудың негізгі басымдықтары мен 2030 жылға дейінгі орта мерзімді перспективалар көрсетілген. Қала тұрғындары бағдарламамен танысып, өз ұсынысын «Алматыны дамыту орталығының» сайтында 2022 жылдың 1 шілдесіне дейін қалдыра алады. Осыған орай Сәтбаев университеті, Ғылым департаменті Гранттық және бағдарламалы-нысаналы жобалар бөлімінің басшысы Дина Алшимбаева «Алматы – адамдарға арналған жаһандық қала» даму жоспарын іске асыруды қолдауға университеттін дайындығын растады, деп хабарлайды Almaty.tv.

«Алматы қаласының даму жоспарындағы басымдылықтардың ішінде негізгі бағыттар бойынша Сәтбаев Университеті тұрақты даму және инфраструктура салаларында мамандар дайындайды. Олардың ішінде: қоршаған ортаны дамыту, транспорт, коммуникциялар, цифрлық логистика, ақпараттық техрологиялар, жобалық менеджмент, бизнес-инжиниринг және тағы басқа мамандықтар.

Сәтбаев университеті қазіргі кезде еліміздегі нарықтың ахуалы мен талаптарын сараптау арқылы, сонымен қатар индустрия өкілдерімен ынтымақтаса отырып жаңа бағыттар классификаторына ұсыныстар еңгізуде.

Университет ғалымдарының қызметі әлемдік деңгейдегі инновациялық әзірлемелерді генерациялау үшін алдыңғы қатарлы ғылыми-техникалық хаб құру бойынша технологияларды әзірлеуге, оның ішінде «жасыл қала» қағидаты негізінде Алматы қаласын қайта құру жобаларын, экология жобаларын және жаңа материалдарды іске асыруға бағытталған.

Сәтбаев Университеті жоғары білікті ғалымдарымен және профессорлық-оқытушылық құрамымен жасақталған Қазақстандағы техникалық білім берудің флагманы ретінде академиялық және ғылыми бағыттарда Алматы қаласының «Алматы – адамдарға арналған жаһандық қала» даму жоспарын іске асыруды қолдауға өзінің дайындығын растайды», – деді Дина Алшимбаева.

Айта кетейік, Алматы әкімдігі «Алматы – адамдар үшін жаһандық қала» бағдарламасын әзірледі. Жоба жеті бөлімнен тұрады, олар: «Жайлы қалалық орта», «Тұрақты экономикалық өсу», «Басқарылатын урбанизация», «Әлеуметтік орнықтылық пен тұрақтылық», «Жасыл Алматы», «Смарт сити», «Қауіпсіз қала».

Алматыны кеңістіктік дамытудың негізгі міндеті – жайлы қалалық орта құру және қаланың барлық аудандарында өмір сүру сапасын арттыру. Ол үшін үш басым бастама айқындалды: Алматыны көпорталықты дамыту, қоғамдық көліктің дамыған жүйесі және аудандардың байланыстылығы, жаңа тарифтік саясатты енгізу және шығындарды азайту арқылы ТКШ қызметтерінің сапасын жақсарту.