Алматыда 2023 жылы 11 мың бос жұмыс орны бар 30 жәрмеңке өткізілді

29.01.2024 в 14:52

Іс-шараны «Аманат» партиясы және Алматы қаласының еңбек ұтқырлығы орталығы ұйымдастырды

Алматыда 25 қаңтар күні «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ ашық алаңында, «Нұркент» шағынауданында бос орындар жәрмеңкесі өтті, деп хабарлайды Almaty.tv.

Іс-шараны «Аманат» партиясы және Алматы қаласының еңбек ұтқырлығы орталығы ұйымдастырды. Жәрмеңке халықтың өзекті мәселелерін шешуге бағытталған «Құқықтық көмек» және «Халыққа көмек» жобалары аясында өткізілді.

Бос орындар жәрмеңкесін өткізудегі мақсат - жалпы білім беретін мектептердің, орта кәсіптік білім беру мекемелерінің және жұмыссыз жастарға еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар туралы ақпарат беру, сонымен қатар қолайлы мамандықты таңдауда тәжірибелік көмек көрсету. Жұмыс берушілер үшін бұл іс-шара - қажетті кадрларды іріктеудің және өздерінің бос жұмыс орындары туралы көп адамды хабардар етуге тамаша мүмкіндік.

Жәрмеңкеге барлығы 20 жұмыс беруші компания, оның ішінде өндірістік кәсіпорындар, күзет агенттіктері, қаржы ұйымдары, сонымен бірге, 120 ізденуші қатысты. Ұсынылған стендтерде жастар Enbek.kz экожүйесі туралы ақпаратпен танысып, жұмыс табумен қатар, жаңа дағдылар мен мамандықтарды үйренеді, жұмыспен қамту бағдарламалары туралы ақпарат алады, сонымен қатар, «Бизнес бастау» жобасы бойынша оқи алады.

«Бос орындар жәрмеңкесін өткізу жұмыссыз азаматтар мен жұмыс іздеп жүрген азаматтарға жұмыс берушілермен тікелей кездесуге және байланыс жасауға және жұмысқа орналасу мәселесін жедел шешуге мүмкіндік береді», - деді Еңбек ұтқырлығы орталығы директорының міндетін атқарушы Асланбек Қуанышов.

АТУ университетінің студенті Диастың айтуынша, жәрмеңке карьера туралы ойлайтындар үшін жұмыс табуға жақсы мүмкіндік.

«Сондықтан мен өткізілетін іс-шаралардан хабардар болу, қызықты жобаларға қатысу мүмкіндігін өткізіп алмау және өзіме лайықты жұмыс табу үшін әрқашан Еңбек ұтқырлығы орталығының әлеуметтік желілерін қадағалап отырамын», - дейді жәрмеңке қатысушысы.

Айта кетерлігі, Алматы қаласының Еңбек ұтқырлығы орталығы 2023 жылы кәсіпорындарда, оқу орындарында, әкімдіктерде, сонымен бірге онлайн режимде 30 бос орындар жәрмеңкесін өткізді. Барлығы 27 761 жұмыс іздеуші мен 1467 жұмыс беруші қатысты. Сондай-ақ 11376 бос жұмыс орны ұсынылды. Барлығы 1398 адам жұмысқа орналастырылды, курстардан, тәжірибеден және қоғамдық жұмыстардан өтуге жіберілді.

Алматыда өтетін бос орындар жәрмеңкелері туралы толық ақпаратты ctm-almaty.kz сайтынан және Еңбек ұтқырлығы орталығының Instagram-дағы аккаунтынан - ctm_almaty табуға болады.