Әлеуметтік көмек мөлшері қанша теңгеге артты

11.12.2023 в 14:57

Алматыда ХӘОТ қатарынан 315 мыңнан астам азамат тұрады

Аз қамтылғандар үшін қолданыстағы әлеуметтік көмектің мөлшері 0,6 АЕК-ке дейін ұлғайтылды. Көмек халықтың әлеуметтік осал санаттарына жататын азаматтардың жекелеген 8 санатына көрсетіледі, деп хабарлайды Аlmaty.tv

Бұл туралы ӨКҚ брифингінде Алматы қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Бауыржан Жаубасов хабарлады.

Мұндай шешім «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасы аясында 2023 жылғы 1 қарашадан бастап электр энергиясына тарифтердің көтерілуіне байланысты қалалық мәслихат депутаттарының сессиясында қабылданды. Заңды тұлғалар үшін электр энергиясына тарифтің өсуі 1 кВтсағ үшін 1,2% (26,44 теңгеден 26,75 теңгеге дейін), жеке тұлғалар үшін 7% (21,62 теңгеден 23,13 теңгеге дейін) құрады.

- Алматы қаласы бойынша Табиғи монополияларды реттеу комитеті департаментінің дерегі бойынша жеке тұлғалар үшін тұрғын үйге электр энергиясын орташа тұтыну 209 кВт/сағ құрайды, бұл тұрғын үйге төлем көлемі 315,59 теңгеге ұлғаяды деген сөз. Осыған байланысты ХӘОТ қосымша әлеуметтік қолдау шарасын көрсету және қаржылық жүктемені азайту үшін қолданыстағы әлеуметтік көмектің мөлшері 0,6 АЕК-ке, 2070 теңгеге дейін ұлғайтылды. Әлеуметтік көмек көлемін ұлғайту 345 теңгені құрайды, - деді Б.Жаубасов.

Жоба бойынша ӘОТ құжаттарын учаскелік комиссияға жіберілмейді, өйткені әлеуметтік көмек жан басына шаққандағы орташа табысты есепке алмай көрсетіледі. Бұдан басқа 2023 жылғы 31 желтоқсанға дейін жүгінген әлеуметтік көмек алушылар үшін қайта өтініш бермей, төлем мерзімін 2024 жылғы 30 маусымға дейін ұзарту көзделген. Әлеуметтік көмек төлеуді қала әкімінің аудандық аппараттары жүргізеді.

- Жобаны қаржыландыру Алматы қаласы бюджетінің есебінен жүзеге асырылады. 2024 жылға қаржыландыру 4 млрд теңгеден астам соманы құрайды, - деп толықтырды басқарма басшысы.

Хабарланғандай, Алматыда ХӘОТ қатарынан 315 мыңнан астам азамат тұрады, оның ішінде биыл 559 млн теңгеге 100 мыңдай адамға әлеуметтік көмек көрсетілді.

Оқи отырыңыз: Алматының коммуналдық қызметі күшейтілген жұмыс жүйесіне көшті