Алматыда 33 мыңнан астам бала тегін спорт үйірмелеріне қатысады

08.12.2021 в 15:48

Бұл туралы қала әкімі Бақытжан Сағынтаев мәлімдеді

Алматыда 33 мыңнан астам бала спорттың 37 түрі бойынша үйірмелерге тегін қатысады. Салауатты өмір салтын ұстанатындардың санын арттыру үшін мегаполисте 3 600-ден астам жаттығу залы мен алаң ашылған. Бұл туралы қала әкімі Бақытжан Сағынтаев мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Одан бөлек, жыл соңына дейін жергілікті бюджет есебінен 3 спорт кешенінің құрылысы аяқталса, 64 мектепте дайындық алаңдары қайта жаңарту жұмыстарынан өтеді. Қазір соның 54-і жөнделді. Жалпы мегаполисте 660 мыңнан астам адам спортпен айналысады екен. Бұл көрсеткіш қала тұрғындарының 33 пайызын құрайды.  

«Жан басына қаржыландыру арқылы балаларды тегін спорт секцияларымен қамтамасыз ету үшін 1,5  миллиард теңге бағытталды. Бүгінде Алматыда 33 мыңнан астам бала спорттың 37 түрі бойынша үйірмелерге тегін қатысады. Сондай-ақ ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған секциялар қарастырылған. 36 шығармашылық үйірме жұмыс істейді. Оған 15 мыңнан астам бала барады», – деді Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев.