Тұрғындар жолдаған әрбір сұрақ жауапсыз қалмайды – Бақытжан Сағынтаев

25.06.2021 в 16:32

Бүгінгі таңда қала әкімдігі жұмысындағы басымдыққа ие бағыт – қала тұрғындарының әлеуетін көтеру, мәселелерін шешу, алаңдататын сауалдарына жауап беру

Тұрғындар жолдаған әрбір сұрақ жауапсыз қалмайды. ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев кез келген жолданған сұрақтың жауабын 3 күннен кешіктірмей жауабын беру қағидатымен жұмыс істеп жатқанын айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.

Бүгінгі таңда қала әкімдігі жұмысындағы басымдыққа ие бағыт – қала тұрғындарының әлеуетін көтеру, мәселелерін шешу, алаңдататын сауалдарына жауап беру. Қала әкімі әкімдік тарапынан жасалып жатқан істерді халыққа жеткізуде баспасөздің рөлін айтып, баспасөз конференциясын ұйымдастырушыларға алғыс білдірді.

«Назарыңызға рахмет! Кез келген сұрағыңызға әрқашан жауап беруге дайынбыз. Оны біздің жасап жатқан жұмысымыздан көріп те отырған боларсыздар. Бүгінгі қойылып жатқан сауалдардың бәрі халықтың көкейінде жүрген өзекті мәселелер. Бәріне толығымен жауап бере алдым деп ойлаймын. Ешқандай бүкпесіз, боямасыз, шынайы жауап бердім. Әкімдік тарапынан жасалып жатқан істерді баспасөзсіз халыққа жеткізу мүмкін емес. Сол себепті, ең алдымен, баспасөз конференциясын ұйымдастырушыларға зор алғысымды білдіргім келеді. Екіншіден, халықтың мұң-мұқтажы жоғары басшыларға кейде жетпей жатады. Осының бәрін басшыларға баспасөз құралдары арқылы жеткізу керек. Мысалы, мен әр сәрсенбі сайын «Алматы» телеарнасындағы «Akimat Live» бағдарламасы арқылы тікелей эфирде халықтың жолдаған сауалдарына бір жылдан бері үзіліссіз жауап беріп келемін. Оған менің орынбасарларым да, аудан басшылары да, мемлекеттік қызмет басшылары бәрі тұрақты түрде қатысып, қойылған сауалдарға жауап беріп келеді», – деді қала әкімі.

Сонымен қатар, аудан әкімдерінің ашықтықты сақтап, халықты алаңдатқан сауалдың басшыға жылдап жетіп, мәселенің дер кезінде шешілуі үшін әлеуметтік желіде белсенділік танытып жатқанын тілге тиек етті.  

«Оған қосымша қазір аудан әкімдері әлеуметтік желіде белсенділік танытып жатыр. Мысалы, Whats App әлеуметтік желісінде чат арқылы Алатау ауданының 23 ықшамауданы болса, соның ішінде Зерделі ықшамауданы болса, тек сол ауданның тұрғындары чатында қойылған сұрақтарға жауап беріп жатыр. Тұрғындардың қойған сұрағына тікелей жауап беріп жатыр. Уақыт та кетпейді, басшыға да  мәселелер  тікелей  жетіп, шешімдер де жылдам қабылданып отырады. Оған қоса, «Open Almaty» қосымшасы жұмыс істейді. Ол жерге де көптеген сұрақтар келіп жатыр. Сонымен қатар, «Вечерний Алматы» газетіндегі  «Дежурный по городу» атты айдарында да жолданған сұрақтарға жауап беріліп отырады. Ол жерден әкімдік тарапына ұсыныстар, мәселелер жайында көп сауал жолданады. Біздер оны әр дүйсенбі сайын әкім аппараты жиналысында талқылаймыз. Шешімдер ұсынамыз, жауабын береміз. Кез келген жолданған сұрақтың жауабын 3 күннен кешіктірмей жауабын беру қағидатымен жұмыс істеп жатырмыз. Бүгінгі таңда біздің жұмысымыздағы басымдыққа ие бағыт – қала тұрғындарының әлеуетін көтеру, мәселелерін шешу, алаңдататын сауалдарына жауап беру. Бізге жолданған сауалдарға бей-жай қарай алмаймыз. Өйткені қалы әкімдігі қызметінің негізгі функциясы да осы – қала тұрғындарына қызмет ету», − деп жауап берді Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев.