Қалқаманда жерасты өткелі жөнделеді

12.10.2023 в 16:07

Жұмыс 2023 жылдың соңына дейін аяқталады

Алматыда 2015 жылдан бері алғаш рет №7 қалалық клиникалық аурухананың жанындағы жерасты жаяу жүргіншілер өткелі жөнделеді, деп хабарлайды Almaty.tv.

«Қалқаман» №7 қалалық ауруханасының жанында орналасуына байланысты халық арасында бұл жерасты өткелі «Қалқаман» деп аталады. Жөндеу жұмыстары аясында керамогранитті плиталар орнаттық. Әрі ескі жарық жүйесін толығымен алып тастап, антивандальды шам орнатамыз, бұл жерасты өткелі аумағын жарықтандыруға, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Қала әкімі өткелдерді жарықтандырып, қауіпсіздікті қамтамасыз ету міндетін жүктеді. Жағдайды бақылау үшін полиция пунктімен байланысы бар бейнебақылау камераларын толығымен ауыстырамыз», - деді Наурызбай ауданының әкімі Назира Тоғызбаева.

Бейнебақылау өткелдегі стихиялық базарлардың алдын алуға, садақа сұраған адамдарды бақылауға, сонымен қатар жиі кездесетін дүние-мүлікті қирату секілді бұзақылықтың жолын кесуге септігін тигізеді.

«Бұрын өткелде дыбыстық құрылғылар болған, бірақ қазір олар істемейді, сондықтан адамдар өтіп бара жатқанда әуен ойнайтындай етіп жаңасы орнатылып жатыр. Біздің жерасты өткелінің ерекшелігі Қазақстан суретшілер одағынан тапсырыспен алдырған панно болмақ. Ол темірден жасалады. Онда бейнеленген Қалқаман батыр біздің шағынауданымыздың бейнесі іспетті болады. Бұл паннода сауыт-сайманда, қалқандар және әрине, ат жарысы егжей-тегжейлі көрсетілген. Панноның төменгі жағында осы тарихи кейіпкер туралы көбірек білуі үшін QR-код орнатамыз, мұның жас ұрпақ үшін тәрбиелік мәні зор. Қашан пайда болды, қандай әлеуметтік нысандар бар, қандай құрылыс салынып жатыр, қандай мектептер мен балабақшалар ашылады дегендей жалпы, Наурызбай ауданы туралы да білуге болады», - деді Наурызбай ауданының әкімі.

Қазіргі кезде ауданда үш жерасты өткелі жөнделіп жатыр. Жұмыс 2023 жылдың соңына дейін аяқталады.