Алматыда қала құрылысы регламенттерін іске асырудың жаңа жоспары әзірленді

20.06.2022 в 16:13

Бүгін Мәслихат сессиясының қарауына Алматы қаласының одан әрі дамуына айтарлықтай ықпал ететін бірқатар мәселе шығарылды

Қала тұрғындарын толғандыратын өзекті мәселелердің бірі қала құрылысы, мегаполисте нүктелік және тығыз құрылысқа тыйым салу, деп хабарлайды Almaty.tv.

Бүгін Мәслихат сессиясының қарауына Алматы қаласының одан әрі дамуына айтарлықтай ықпал ететін бірқатар мәселе шығарылды.

"2022 жылдың наурыз айында Мемлекет басшысы тұрғын үй кешендерінің жанынан көпқабатты үйлердің тығыз салынуын тоқтатып, әлеуметтік инфрақұрылым, скверлер мен балалар спорт алаңдарын салуға назар аударуды тапсырды. Осыған байланысты, Алматы әкімдігі Алматы қаласы аумағының функционалдық аймақтарын салудың қала құрылысы регламенттерін іске асырудың жаңа жоспарын әзірледі. Оны біз сарапшылар қауымдастығымен талқыладық", - деді қала әкімі Ерболат Досаев.

Негізгі бағыттар:

9 қабатқа дейін ауыспалы қабаттар санына регламентті белгілей отырып, Абай даңғылының оңтүстігіне, Әл-Фараби даңғылының солтүстігіне, Әшімов көшесінің шығысына, Шығыс айналма автомобиль жолының шығысына қарай тұрғын үй ғимараттарының биіктігін шектеу. Топырақтың инженерлік-геологиялық құрылымымен (тереңдігі 20 метрден асатын саздақтар) расталатын беткейлердің 15 градустан жоғары тік болуы және аумақтың сейсмикалығының жоғары дәрежесі көшкін жүру қаупін тудырады және арнайы іс-шараларды қажет етеді. Осыған байланысты, таудың беткейлеріне және 15 градус және одан да жоғары тік беткейлерге кез келген мақсаттағы ғимараттардың жаңа құрылысына тыйым салынады. 2017 жылы Алматының Қала құрылысы кеңесі өз жұмысын тоқтатты. Осы жылдың 1 тамызынан бастап Біз оның қызметін жаңа форматта бастауды жоспарлап отырмыз, яғни тәуелсіз сарапшыларды тарту және қала құрылысы шешімдерін қабылдауда олардың рөлін арттыру көзделеді.

"Бұл үшін біз құрылыс салушыларға қойылатын міндетті талаптарды және жобаларды қоғамдық талқылаудан өткізу, сондай-ақ орналасқан жеріне қарамастан, 5 қабаттан асатын барлық ғимарат пен құрылыс үшін қала құрылысы кеңесінің оң қорытындысын алу шарттарын бекітуді ұсынамыз", - деді Алматы әкімі.