Алматыда кенелерге қарсы өңдеу жұмыстарының бірінші кезеңі аяқталды

04.05.2022 в 16:14

Өңдеу жұмыстарымен 8 орман қамтылды

Алматы қаласы аумағында 5-30 сәуір аралығында жалпы ауданы 2424,54 га болатын орман және қалалық саябақтар, алаңдар аумағында кенелерге қарсы өңдеу жұмыстарының бірінші кезеңі аяқталды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Өңдеу жұмыстарымен 8 орманды (көлемі – 1904,924 га) және 144 қала саябақтары, алаңдары (көлемі – 519,616 га) қамтылды. 

Оның ішінде аудандар бойынша:

Алатау ауданы – 2,93 га; Алмалы ауданы – 46,7 га; Әуэзов ауданы – 17,97 га; Бостандық ауданы – 439,314 га; Жетісу ауданы – 50,05 га; Медеу ауданы – 1526,76 га; Наурызбай ауданы – 154,716 га; Турксіб ауданы – 186,10 га.

Кене энцефалитіне қарсы өңдеу жұмысының екінші кезеңі 2022 жылы мамыр айының екінші онкүндігінде басталады.

Дезинсекциялық іс-шаралар республикалық бюджет қаражаты есебінен қаланың санитариялық-эпидемиологиялық бақылау қызметі мамандарының тікелей бақылауымен Алматы қаласы бойынша «Дезинфекциялық орталық» филиалымен жүргізілді.

Дезинсекциялық өңдеуге 19 даярланған мамандардан құралған 2 дезинфекциялық бригада жұмылдырылды. 

Кенеге қарсы өңдеу жүргізу үшін 6 ыстық және 3 суық тұманды термогенераторлар, 2 – он екі литрлік моторлы бүріккіштер, 10 – бес литрлік гидропульттер, 2 – автокөлiкпен жабдықталды.

Кенелерге қарсы өңдеу жұмысына қатысқан мамандар қажетті жеке қорғану құралдарымен қамтамасыз етiлді. Дезинсекциялық өңдеу жұмыстарын жүргізу үшін қауіпті емес 4 классқа жататын инсекті-акарицидтік «Фаворит» препараты қолданылды (адамдар мен жануарлар үшін қауіпсіз).

Аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармаларының маманы кенеге қарсы өңдеу шараларының тиімділігіне бақылау жүргізуде.