Наурызбай ауданында мектептер мен балабақшалар қарқынды салынып жатыр

30.11.2021 в 16:29

Қалқаман шағынауданында 1 800 орынды мектептің құрылысы желтоқсан айында аяқталады

Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз конференциясында Наурызбай ауданының әкімі Санжар Тоғай мектептер мен балабақшалардың құрылысы бойынша іске асырылып жатқан және жоспарланып отырған жобалар туралы айтып берді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Аудан әкімі қазіргі уақытта Қалқаман шағынауданында 1 800 орынды мектептің құрылысы жүріп жатқанын, жұмыстар осы жылдың желтоқсан айында аяқталатынын хабарлады. Мұнда 1 500 орындық мектеп салынуда, оны 2022 жылдың маусым айында пайдалануға беру жоспарланып отыр. Сонымен қатар Ақжар шағынауданындағы № 186 мектептің жанындағы қосалқы нысанның құрылысы аяқталып қалды.

"Сондай-ақ Қарғалы шағынауданында «Зерде» жеке мектебі салынуда. Аяқталу мерзімі – 2022 жылдың 2 тоқсаны. № 7 Қалалық клиникалық аурухананың қабылдау бөлімінің құрылысы жүріп жатыр. Бұдан басқа, Шұғыла шағынауданындағы № 36 қалалық емханада модульдік КТ-орталығын орнату басталды. Ал 16 нысанда көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысы басталды", – деді Санжар Тоғай. 

Наурызбай ауданының әкімі мектептер мен балабақшалардың құрылысы бойынша жоспарланған жобалар туралы да айтып берді. Оның айтуынша, Шұғыла шағынауданында екі мектеп салынады – Алма сити-5 ТК аумағында – 1 200 орындық, ал «Нұрлы дала» ТҮК аумағында – 1 500 орындық. Осы шағынауданда 320 орынды балабақша құрылысы жоспарлануда.

"Құрамыс шағын ауданындағы жер учаскесінде 1 200 орындық мектеп салу жоспарланған. Қазірдің өзінде ЖСҚ-ны әзірлеу басталды. Сол шағын ауданда 320 орынды балабақша бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде", – деді аудан әкімі.

Ақжар шағынауданында (320 орынды) және Қалқаман шағынауданында (240 орындық) балабақшалар салу жоспарланып отыр. Әкімдік сондай-ақ №15 санаторлық-мектеп интернатын қайта жаңарту және 300 орындық жатақхана салуды жоспарлап отыр. Сонымен қатар мектеп аумағында 120 орындық балабақша құрылысы қарастырылған. Құрылыс жұмыстары 2022 жылдың II тоқсанына жоспарланған.