Алматылық ұстаздар, оқушылар мен кәсіпкерлер Елбасы медалін жеңіп алды

06.10.2021 в 21:19

Қала бойынша 14 пен 29 жас аралығындағы 1 мыңға жуық тұрғын қатысқан

Алматылық ұстаздар, оқушылар мен кәсіпкерлер Елбасы медалін жеңіп алды. Жастардың интеллектуалды қабілеттерін дамытуға арналған жобада 15 адам қола жүлдеге ие болды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.       

Жалпы, қала бойынша 14 пен 29 жас аралығындағы 1 мыңға жуық тұрғын қатысыпты. Нұрсұлтан Назарбаев қорының мұрындық болуымен ұйымдастырылған шара былтыр басталған. Бұл – елдегі ең ауқымды челлендж саналады. Жоба шартында қатысушылар қола, күміс және алтын деп белгіленген деңгейлерді өздері таңдап, сонда көрсетілген тапсырмаларды 6 мен 18 ай бойы орындауы керек. Тапсырмалар спорт, талант пен қабілет, кітап оқу, ұлттық мұра, ерікті болу сияқты жеті бағытта ұсынылады.

«Мен домбыра тартып үйрендім. Бастапқыда домбыра тартуды, тіпті, қалай ұстайтынын да білмейтінмін», – деді С. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің студенті Ермұрат Мұқатаев.

Жобада бағын сынап көретіндер өз жұмысын видеоға түсіріп, арнайы сайтқа жүктейді. Ең үздік деп табылған үміткерлерді комиссия мүшелері іріктейді. Жалпы, елде мұндай төсбелгіні иелену үшін 10 мың отандасымыз еңбектеніп, қатысқан екен.