Алматыда Шоған абыздың атына көше атауы берілді

08.11.2021 в 18:33

16-ғасырдың соңы мен 17-ғасырдың алғашқы жартысында өмір сүрген Шоған Сүйерқұлұлы сәуегей абыздығымен, алқа топты қақ жарған әділдігімен есте қалған

Алатау ауданына қарасты Мәдениет ықшамауданында Шоған абыздың атына көше берілді. 16-ғасырдың соңы мен 17-ғасырдың алғашқы жартысында өмір сүрген Шоған Сүйерқұлұлы сәуегей абыздығымен, алқа топты қақ жарған әділдігімен есте қалған. Күні кеше көшенің ресми ашылуына қатысқан ел ағалары да осыны айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.            

Ақыл-парасатының арқасында аты шығып, өз дәуірінің оза шапқан тұлпары болғандықтан, атына «абыз» сөзі қосылған Шоған Сүйерқұлұлы атқа қонғанда Ұлы жүзден тарайтын Албан елінің төрт атаға жаңа толған, он-он бес ауылдан аспаған тұсы екен. Бүгінде қауым ел болған баба ұрпағы оның атына көше беріп, даңғыл жолды дара тұлғаның атымен атады.

«Шоған абыз Есім хан хандық құрған кезде өмір сүрген адам. «Есім ханның Ескі жолы» деген құжатты жасаған уақытта қасындағы кеңесшілерінің бірі болған адам», – деді Шоған абыздың ұрпағы, ҚР денсаулық саласының үздігі Тұрарбек Төлендиев.

Абыз жайлы ақпар көп. Тарихи мәліметтерде оның шешендік, әділдігін былай қойғанда, Жібек жолы бойында керуенбасы болып, қарулы жігіттерден жасақ құрғаны, сондағы сауда-жол қатынасын реттеп отырғандығы айтылады. 14 жасынан ел басқару ісіне араласқан бидің кесенесі бүгінде Өзбекстан астанасы Ташкентте орналасқан.

«Алатау ауданы – жас аудан. Көптеген көшелердің атаулары жоқ. Яғни, көбі 1, 2, 3-линия, «жаңа көше» деп аталып кеткен. Бүгінгі таңда сол көшелердің бәріне атау беріліп жатыр. Осы Рахат, Мәдениет шағынаудандарының өзінде 40 көше жаңа атауға ие болды. Енді жылдың аяғына дейін осы көшеге жаңа форматтағы аншлагтарды ілетін боламыз», – деді Алатау ауданының әкімі Азамат Қалдыбеков.  

Күні кеше өткен көшенің ресми ашылуына абыздың ұрпақтары мен ел ағалары қатысты. Бабаның мұрасы дәріптеліп, еңбегі айтылған рухани іс «Жаңа Алматы» бағдарламасының аясында жүзеге асып отыр.

Айта кету керек, жалпы Алатау ауданының өзінде атауы жоқ 103 көше жаңа есімге ие болған.

Мадина Оқас, Арсен Сандыбаев, «Алматы» телеарнасы