Алматыда ретро автокөліктер шеруі өтті

18.09.2021 в 17:22

Көне көліктер қаланың орталық көшелерімен жүріп өтті

Алматыда ретро автокөліктер шеруі өтті. Мереке қарсаңында қала жастары сол заманға сай киініп, 70 жылдардағы атмосфераны орнатты. Креативті идея авторлары өткен шаққа саяхат жасады. Тарихы терең Алматының әсем жерлеріне барып, суретке түсті, деп хабарлайды Almaty.tv.

Жигули, москвич, волга. Бүгінгі шарадан классикалық автокөліктердің өте сирек кездесетін түрлерін тамашалауға болады. Темір тұлпарлардың бәрі де қазақстандық коллекционерлерге тиесілі.

Ретро стиліндегі көріністер Алматының тарихынан сыр шертер бейнелер. Кала шалбар мен менің үстімдегі секілді өлшемі үлкен костюм. Онымен қоса  1959 жылғы волга машинасы. Нағыз классикалық үлгі деп осыны айтса керек. Бұл сонау 70 жылдардағы көрністі еріксіз еске түсіреді.

Автошеру кезінде 1960 жылғы Волга көлігі қала тұрғындарының ерекше назарын аудартты. Зауыттан жарты ғасыр бұрын шыққан ГАЗ-21 маркалы машина мінсіз сақталған. Әлі де жүруге жарамды. «Маторынан ақау шығып, жолда қалдырған емес» дейді көлік иесі. Қызығып сатып алғысы келетіндер де көп екен.  

«Көлігіңді сат деп келетіндер саны өте көп. Жақында бір орыс жігіт келіп, Range Rover  көлігіне ауыстыр деп қоймай қойды. Ауыстырған жоқпын», – деді көлік иесі Аманбек Ақылжанов.

Қала әкімдігінен басталған көне көліктер шеруі қаланың орталық көшелерімен жүріп өтті. Алматының белсенді жастары әр жылдары сәнге айналған киімдерді киіп, өткен ғасырдағы тұрмыс-тіршілік пен көрністі елестетуге тырысты.

«Мысалы, мен киіп тұрған киім 1980 жылғы образ. Бүгін 1960-тан 2000 жылға дейінгі киімдер киілді. Парадтың мақсаты - үлкен аға-әпкелеріміздің жастық шақтарын еске түсіру», – деді Әуезов аудандық Jas Otan жастар қанатының төрағасы Бекембай Сахи.

Автошеру кезінде көненің көзіндей сақталған көлік саны бесеу болды. Әрқайсысы сол жылдың тарихынан сыр шертеді. Қала күнін мерекелеу қарсаңында өткізілген шара ертең фотокөрмемен жалғасады. Айта кету керек, автошеру бүкіл санитарлық талаптарды сақтай отырып өткізілді.

Ұлағат Арғын, Мейрам Исабеков, «Алматы» телеарнасы