Алматы әкімдігі Айнабұлақ-4 шағынауданындағы балабақша құрылысын сапасыз жүргізген компанияны сотқа береді

19.10.2023 в 17:30

Сапасыз құрылыстың кемшілігі қысқа мерзімде жойылуы тиіс

Қаладағы Айнабұлақ-4 шағынауданындағы балабақша құрылысының жобасын белгіленген талапқа сай жүргізбеген әрі сапасыз құрылыс салған «АК Construction» ЖШС мердігер - компаниясын сотқа береді, деп хабарлайды Аlmaty.tv. 

Бұл туралы Жетісу ауданына жұмыс сапары барысында Ерболат Досаев мәлімдеді.

Жетісу ауданының Айнабұлақ-4 шағынауданындағы 160 орындық жаңа мемлекеттік балабақша 1987 жылы салынған. Кейін 10 жыл бос тұрған нысанның орнына балабақша салынуда. Құрылыс қала басшысының тапсырмасы бойынша 2022 жылдың мамырында басталды.

Алматы әкімі балабақшаны аралаған кезінде құрылыс басқармасы басшылығының назарын құрылыс-монтаж және әрлеу жұмыстарына қатысты кемшіліктерге аудартты. Қабырғалар сапасыз сырланған, көшедегі ойын алаңы бүлдіршіндерге бейімделмеген және т.б. Ерболат Досаев олқылықтары өте көп объектіні қабылдауға болмайтынын атап өтті. Басты назарда сапа болуы тиіс екенін қадап айтты. Алматы әкімі ақауларды қысқа мерзімде жоюды, ал міндетін жауапсыз атқарған мердігер ұйымды сотқа беруді тапсырды. Бұдан басқа, «АК Construction» ЖШС құрылыс жұмыстарын мерзімдерді бұзып жүргізуде: компания 2023 жылдың мамыр айында жұмысын аяқтауы тиіс еді.

Алматыда халық саны артып келеді. Мәселен, 2013 жылы Жетісу ауданы бойынша халық саны 143 мың адам болса, 2023 жылы оның саны 196 мың адамға жетті.

Оқи отырыңыз: Алматының «Қарасу» шағынауданында жаяу жүргіншілер аллеясы салынады