Асқар Мамин Алматы қаласының инфрақұрылымдық дамуын тексерді

16.09.2021 в 17:51

Үкімет басшысы «Аюсай» және «Ақсай» сел ұстайтын бөгеттерінің, «Қарғалы» су тарту құрылысының салыну барысымен, сондай-ақ Ақсай, Үлкен және Кіші Алматы өзендерінің бассейндеріндегі мореналық көлдердің жай-күйімен танысты

Үкімет басшысы Асқар Мамин Алматыға жұмыс сапарымен келіп бірқатар маңызды нысандарды аралады. Қаланың жоғары бөлігінде салынып жатқан «Аюсай» және «Ақсай» бөгеттерінің құрылысымен танысқан премьер-министр, құрылысты белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды. Бұдан бөлек мегаполистің әлеуметтік маңызды нысандарын, энергетикалық және туристік инфрақұрылымын тексерді. Қаладағы ірі құрылыс нысандарын қала әкімі Бақытжан Сағынтаев таныстырды, деп хабарлайды Almaty.tv

Алматының таулы шатқалында селдің алдын алатын «Аюсай» мен «Ақсай» бөгетінің құрылысы жүріп жатыр. Бөгеттер қаланың жоғары аумағын, Іле Алатау ұлттық саябағының бір бөлігін, Наурызбай ауданын тасқыннан қорғайды. Жоспар бойынша «Аюсай» бөгеті 2022 жылы, ал «Ақсай» бөгетін 2023 жылы аяқталуы керек. Шаһарға жұмыс сапарымен ат басын бұрған премьер-министр Асқар Мамин құрылысты белгіленген уақытында өткізуді міндеттеді.

«Плотина Ақсай сел ұстағыш 2019 жылдан бері жұмысы жүргізіліп жатыр. 2023-те аяқталады. Оның сел ұстау деңгейі 7 млн текше метр селді ұстауға арналған», – деді «Қазселденқорғау» ММ қалалық пайдалану техникалық басқармасының басшысы Самат Дәуленханов.

Бұдан бөлек Асқар Мамин «Қарғалы» су тарту құрылысының  барысымен танысып, тау шыңындағы мореналық көлдердің жай-күйін көрді. Премьер-Министрге «Шымбұлақ» тау шаңғы курорты, «Аюсай» және «Горельник» визит-орталықтары көрсетілді. Тауда туристердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатындағы шаралар баяндалды. Биыл 7 айдың ішінде мегаполистің туризм саласына салынған инвестициялар 56 млрд теңгені құрап, бұл өткен жылдағы көрсеткіштен 2 жарым есеге көп.

«Қазір тау бөктеріне үйшіктер салу жұмыстары басталды. Бұл үйлер адамдардың жиі адасатын жерлеріне орнатылады. Үлкен және кіші Алматы шатқалына қосымша бақылау-құтқару пунктері де орнатылады», – деді қалалық Туризм басқармасының басшысы Сабина Амангелді.

Әрі қарай үкімет басшысы 2 жылу электр орталығын газға ауыстыру жұмыстарымен танысты. Аталған жоба атмосфераға зиянды заттардың шығынын жылына 50 мыңнан 6 жарым мың тоннаға дейін төмендетуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ станциялардың қуатын 472 МВт-тан - 1300 МВт-қа дейін ұлғайтады.

«Қазір Президенттің тапсырмасымен техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленіп жатыр. Онда әлемнің озық үлгідегі технологиясы қолданылатын бірнеше нұсқа қарастырылып жатыр. Орталықтың алғашқы бөлігін 2023 жылы іске қосу жоспарланған», – деді «АЛЭС» АҚ инвестициялық жобалар жөніндегі басқарушы директоры Серік Қалиев.

Асқар Ұзақбайұлы Алматының индурстриалды аймағына да барды. Мұнда «Бижан» ет өндіру зауыты іске қосылған. Зауыт тәулігіне 5 жарым тонна өнім шығарады әрі мұнда өндірістің толық циклі қамтылған.

«2018 жылы «Алтын сапа» Президент дипломына ие болдық. Ал Көкшетауда былтыр 5 мың ірі қараны бордақылау базасы ашылды. Онда екі қасапхана мен шұжық өнімдерін шығаратын цех іске қосылды», – деді Ет өндеу зауыты бас директорының орынбасары Бақытжан Қадырбердиев.

Сондай-ақ, экономикалық аймақта энергиялық тиімді сәулет қасбеттерін шығаратын зауыт жұмыс істейді. Кәсіпорын жылына 475 мың шаршы метр энергия үнемдейтін ПВХ және алюминий құрылымдарын өндіреді.

«Жыл басынан бері индустриалды аймақта ірі 3 зауыт пен 1 өндірістік парк іске қосылды. Жыл соңына дейін тағы 5 жоба мен 2 өндірістік парк құру жоспарланып отыр. Жалпы биыл аймақтағы жаңа өндіріс орындарына 51 млрд теңге инвестиция тартылды. Мыңнан астам жұмыс орны құрылады», – деді Алматы индустриялық аймағының директоры Әділ Амралин.

Үкімет басшысы «Қазақфильм» киностудиясын қайта құру жобасымен, сондай-ақ Алматы қаласындағы 350 төсек-орындық стационары бар Ұлттық жұқпалы аурулар ғылыми орталығының құрылыс барысымен танысты.

«Қазір ғимараттың темір бетонды бөлігін құю жұмыстары жүріп жатыр. Маусымда басталған құрылысты алдағы жылдың тамызында аяқтау жоспарланған. Нысан 3-4 қабатты, жалпы аумағы 69 мың шаршы метр болады», – деді «Самұрық-Қазына» АҚ  бас жоба жетекшісі Марат Жұмадулаев.

Жұмыс сапары соңында премьер-министр Түрксіб ауданына барды. Ондағы  «Жас қанат» шағын ауданында биыл 35 тұрғын үйді ел игілігіне тапсыру жоспарланған. Барлық 2075 пәтер үй кезегінде тұрған жанұяларға берілетін болады.

Назкен Еркін, Сағынғали Мұңайтпасов, Мұрат Тайжанов «Алматы» телеарнасы