Сұрақ-жауап: Бостандық ауданы тұрғындарының мәселесі қалай шешіледі

09.02.2023 в 18:41

Кездесуде қала басшысы аудан көпшілік ұсынысына сай дамып жатқанын айтты.

Алматыда ғимараттардың сейсмикалық төзімділігін күшейту жұмыстары жалғасып жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бүгін Алматы әкімінің Бостандық ауданы тұрғындарымен кездесуі №125 мектепте өтті. Білім ордасының спорт залында ине шаншыр орын болмады. Халық қала басшысына өз сауалын қойып, оның тезірек шешілгенін қаласа керек. Бірден кезекке тұрып, сұрақ қоюға асықты. Көкейдегі басты мәселелердің бірі – Алматыдағы ғимараттардың сейсмикалық жағдайы. Өйткені, Түркиядағы болған табиғат апатынан кейін халық алаңдаулы.

«Түркияда орын алған жер сілкінісі табиғат апатының айтпай келетінін тағы бір еске салды. Оған әрдайым дайын болу керек. Неліктен бас жоспарда бұл мәселеге назар аударылмайды?» – деді қала тұрғыны.

«2021 жылдың 1 шілдесінен бастап жаңа сейсмикалық микроаймақтандыру картасы бекітілді. Онда барлық ақаулар ескерілді. Алматыда ғимараттарды сейсмикалық күшейту жұмысы жүргізіліп жатыр. Бұл бағыттағы жұмыс жалғаса береді. Біздің қала Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми-жобалау институты бекіткен талаптарға сай өмір сүріп жатыр. Алматыда 2017-2018 жылдары аудит жүргізілген болатын. Биыл жылдың екінші жартысында қалада қайта сейсмоаудит жүргізіледі. Жаңа бос жоспарда сейсмологиялық талаптардың барлығы есепке алынған», – деді Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев.

Одан кейінгі кезекте халыққа маңызды мәселелер қатарында таза ауыз су, тақтайдай тегіс жолдар, қоғамдық көліктің уақытылы келуі бар. Микрофонға кезек алғандардың бірі Ерменсай ықшамауданында тұратын көпбалалы ана «көктем келсе, ішуге жарамды тіршілік нәрін таппай қаламыз» деп қынжылды. Оның айтуыншағ адам тұрмақ, техниканың өзі топырақ аралас судан кейін жиі бұзылады.

«Судың сапасы өте нашар және жиі өшеді. Енді таудан келетін су болғандықтан көктемде жауын жауғанда су лайланып, тіпті кір жуғыш машина батпаққа толып, істен шығады. Айтылып жүрген су бекетінің құбыры қашан басталады? Оның мәселесі шешілді ме?» – деді қала тұрғыны.

«Су бекетіне қатысты жұмысымызды жалғастырып жатырмыз. Басында жоба 20 млрд теңгедей болған, өзгерістер енгізгеннен кейін  жобаның құны 14,5 млрд теңгеге түсті. Күзде жұмысты бастаймыз», – деді қала әкімі.

Өзекті мәселелер қатарында көшедегі жарық шамдары да бар. Бұл бағыттағы жұмыс назардан тыс қалған емес. Мәселен, былтыр Бостандық ауданында 80-нен аса көшені жарықтандыру жоспарланған. Бүгінгі күні 48 көшеді жұмыс аяқталды.

«Өтепов көшесінің тұрғындарымыз. Көше қараңғы, жарық жоқ. Үлкен кісілер мен балаларға жүру өте қауіпті. Осы мәселені шешіп берсеңіз», – деді қала тұрғыны.

«Бостандық ауданында қалған 43 көшеге биыл жарық шамдары қойылады.  Оның ішінде Өтепова көшесі де бар, бағандарды ауыстырамыз», – деді Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев.

Кездесуде қала басшысы аудан көпшілік ұсынысына сай дамып жатқанын айтты. Бұл жиында көтерілген сұрақтардың назардан тыс қалмайтынын білдірсе керек. Екі жарым сағатқа созылған жүздесуде халық емін-еркін сұрақ қоюға мүмкіндік алды. Ал үлгермегендері сауалдарын жәшікке салды. Ондағы талап-тілектерге міндетті түрде жауап беріледі.

Жадыра Омаржан, Сағындық Нарықов, «Алматы» телеарнасы