27-28 маусым: Алматыда 1700-ге жуық қоғамдық көлікке дезинфекция жасалды

27.06.2020 в 19:33

Бір троллейбустың ішін дезинфекциялау үшін шамамен 3-5 минут уақыт кетеді

Алматыдағы барлық қоғамдық көліктерге жаппай дезинфекция жүріп жатыр. Жалпы демалыс күндері 1700-ге жуық автобус пен троллейбусқа толықтай тазалық шаралары жасалады. Бүгін сондай жұмыстар қалалық троллейбус паркінде де қарқынды жүрді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Мұнда жолаушыларды тасымалдайтын жалпы 160 троллейбус бар. Оның барлығын залалсыздандырып шығу үшін 4 дезинфектор тартылған. Күнделікті жұмыс күні аяқталған соң паркке келген әрбір троллейбус мұқият дезинфекциядан өтеді. Ал күндізгі уақыттағы санитария шаралары әр айналым сайын, яғни соңғы аялдамада жасалып тұрады. Сөйтіп қоғамдық көліктер күні-түні, кем дегенде, 4 рет залалсыздандырылады.  

«Кешке жақын троллейбустар кіреді де, дезинфекциядан өтіп жатыр. Сосын жалпы тазалық істейміз, оны кешке жақын тексереміз. Ішінде жапсырма, лента болуы керек. Қажет болса, ауыстырып қоямыз», – деді қалалық троллейбус паркінің директоры Руслан Құдайбергенов.

Бір троллейбустың ішін дезинфекциялау үшін шамамен 3-5 минут уақыт кетеді екен. Арнайы сұйықтық қоршаған ортаға, адамға еш зияны жоқ дейді мамандар.

Метрода да дезинфекция шаралары қыза түскен. Әдетте жаз айларында жолға 4 құрам шығатын. Енді адамдар арасындағы қашықтықты сақтау мақсатында көліктердің жүру интервалы жиілеп, жалпы қазір 6 құрам жұмыс істеп жатқан көрінеді. Пойыздар мен метроның тазалығына жіті мән берілген. Мамандардың сөзінше, пойыздар күніне екі рет дезинфекциядан өтіп тұрады. Ал демалыс күндері бұл шаралар бірнеше есеге күшейген.

«Демалыс күндері метро тоқтап тұрған кезде арасында жуылмай қалған жерлерді жуып, тазалығын күшейтіп, 7-8 адам әр құрамға кіреді. Соның бәрін тазалап демалыс күнді пайдаланып соған біз әлде де қамтамасыз ету үшін көп шараларды қолданып жатырмыз», – деді «Метрополитен» МКК электродепосының басшысы Жеткерген Арзаев.

Дезинфекциядан бөлек қоғамдық көліктердің орындықтары, тұтқалары мен едендері толықтай сүртіліп, жуылады. Ал бүгін таңғы 08.00-де қаладағы ашық жатқан қоғамдық орындарда кезекті дезинфекция жұмыстары басталған еді. Алайда залалсыздандыру шаралары жауын-шашын салдарынан уақытша тоқтатылды. Бірақ сауда орталықтары мен жабық базарларда дезинфекция кешке дейін жасалады.

Назкен Еркін, Ескендір Тоғыспаев, «Алматы» арнасы