Асқар Мамин жұмыс сапарымен Алматыға келді

04.02.2021 в 19:08

Премьер-министр мегаполисті одан әрі дамытуға инвестициялар тартуды тоқтатпауды тапсырды

Биыл Алмалы, Медеу және Әуезов аудандарында ІТ мамандарына арналған коворкинг орталығы ашылады. Бұл туралы бүгін Алматыға келген Премьер-министр Асқар Маминнің жұмыс сапары барысында белгілі болды. Үкімет басшысы шаһарда атқарылып жатқан әлеуметтік-экономикалық жұмыстарды пысықтады. Бүгінде қалада 2024 жылға дейін 201 инвестициялық жобадан тұратын пул құрылған. Премьер-министр мегаполисті одан әрі дамытуға инвестициялар тартуды тоқтатпауды тапсырды. Толығырақ Almaty.tv тілшісі Назкен Еркін тарқатсын.

Премьер-министр Асқар Мамин алдымен Дарабоз ықшам ауданындағы «Алатау сity» тұрғын үй кешенінің құрылысымен танысты. Жоспар бойынша әрқайсысы 96 пәтерден тұратын 40 көпқабатты үй салынуы керек. Қазір соның 25-і қолданысқа берілген. Қалғаны алдағы жылдың бірінші жартысында дайын болмақ. Үйді үлескер ретінде немесе мемлекеттік бағдарламалар арқылы алуға болады. Мәселен, қала тұрғыны Бақыт Ыстыбаева 7-20-25 бағдарламасы аясында осы кешеннен баспаналы болған.

«Барлық жағдай жасалған. Екі лифті бар, тұрған жері де ұнайды, инфрақұрылымы да ұнайды. Қасында Алматы-Арена бар. Үй қысты күні жылы», – деді қала тұрғыны Бақыт Ыстыбаева.

Айта кететіні, биыл шаһарда 2,5 миллионға жуық шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілген. Үкімет басшысы бұдан бөлек «Smart point» коворкинг орталығына барды. Қаланың кіл мықты ІТ мамандары бас қосатын орында креативті идеялар дүниеге келеді. Жалпы мұнда бір уақытта 700 адам жұмыс істеуіне болады.

«ІТ-компаниялар отырады. Әр саладан 60 шақты компания бар. Олар қосымшалар өндіру, киберқауіпсіздік жағынан сосын басқа да стартаперлер бар. Біз 24 сағат, 7 күн жұмыс істейміз», – деді «Smart point» коворкинг орталығының бас директоры Балташ Түйтебаев.

Премьер-министрге ақпараттық технологиялар, киберқауіпсіздік, блок-чейн, жасанды зерде сияқты салаларда жұмыс істеп жатқан 60-тан астам компания таныстырылды. Жыл соңына дейін Алмалы, Медеу және Әуезов ауданында «Смартпойнт» сынды орталықтар ашылып, коворкинг орындар саны көбейетіні белгілі болды.

«Мұндай шаралар, орталықтар талантты жастарды бір жерде тоғыстырып оларға бар жағдай жасауды көздейді, яғни шетелге бармай-ақ осында әлемдік белді компаниялармен байланыс орнатуға болады. Бұл тек қаладағы ғана емес жалпы елдегі цифрландыру саласының дамуына ықпал етеді деген ойдамыз», – деді қалалық цифрландыру басқармасының басшысы Баян Қоңырбаев.

Бірнеше нысанды аралаған соң Асқар Мамин Алматы қаласы мен Алматы облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде кеңес өткізді. Жиында инженерлік, көлік және тұрғын үй құрылысын, денсаулық сақтау, инвестиция тарту және қоршаған ортаны қорғау төңірегіндегі мәселелер қаузалды. Биыл Алматыда 7 мыңнан астам жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін 92 жобаны іске асыру жоспарланып отыр.

Сонымен қатар, «Жаңа Алматы» кешенді жоспарының орындалуына ерекше көңіл бөлінбек. Ал Алматы облысында жалпы қуаты жылына 220 мың тонна болатын екі қоқыс өңдеу зауытының құрылыс басталады. Отырыс барысында Үкімет басшысы жоспарланған жобаларды уақытылы және сапалы жүзеге асыруды тапсырды.

Назкен Еркін, Арсен Сандыбаев, «Алматы» арнасы