Сұрақ-жауап: Медеу ауданы тұрғындарының мәселесі қалай шешіледі

08.12.2022 в 19:40

Бүгін Алматы әкімі Ерболат Досаев халықтың базынасын тыңдады

Бүгін Алматы әкімі Ерболат Досаев Медеу ауданы тұрғындарымен кездесіп, халықтың базынасын тыңдады. Есептік жиында әлеуметті алаңдатқан мәселелер тыңдалып, жауаптыларға тапсырма берілді. Қала басшысы халықтың сұрақтары кезек күттірмей шешілуі тиіс деп қадап айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Айжан Мәмешова 12 жыл бұрын Медеу ауданына қарасты Бегалин көшесі бойынан үй сатып алған. Ол таудың биік беткейінде орналасқан. Жауын жауған сайын қырдағы балшық жұмсарып, өзіне ғана емес көршілеріне де қауіп төндіреді екен. Күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырылған әйел топырақ төменге түсіп, көшкін тудыра ма деп қорқады. Оның үстіне, қазір үйдің іргетасы айтарлықтай көтеріліп, жылжып жатыр деп уайымдайды тұрғын.

«Мен 29 қыркүйек күні болған қала басшысымен кездесуге бардым. Алматы әкіміне сұрағымды қойдым. Ол өзі уәде еткендей жағдайды көру үшін орынбасарын үйіме жіберген еді. Айтарым, 2019 жылы қала қазынасынан қаражат бөлініп, қауіпті аймақ саналған менің үйімнің маңы тас қоршаулармен қоршалды. Бірақ жұмыстың сапасына менің күмәнім бар. Өйткені 3 ай өтпей жатып тас жабындының өзі босай бастады», – деді қала тұрғыны Айжан Мәмешова.

Бүгін Айжан базынасын айтып, қала әкімімен кездесуге тағы келді. Ол мәселесінің оң шешілгенін қалайды. Тұрғын 50 жылға кепілдік берген құрылыстың қай жері сыр беріп тұрғанын білгісі келеді. Айжан Мәмешова өз үйін қауіпті учаскеде тұр деп санайды.

«Біз сол мекен-жайға бардық. Тәуелсіз сараптама жүргізілді. Мамандар ондағы габионды жабынның дұрыс технологиямын салынғанын растады. Ол барлық талаптарға сай келіп тұр. Аудан әкімдігі және Төтенше жағдайлар департаментімен бірігіп, қысты аман-есен өтіп, көктемде қайтадан қосымша сараптама жасайық. Бұл мемлекет қаржысынан жасалады. Тек содан кейін ғана нақты шешім қабылданады», – деді Алматы қаласы әкімінің орынбасары Асқар Амрин.

Өз кезегінде қалалық Төтенше жағдайлар департаменті тұрғындардың алаңдауына еш негіз жоқ екенін айтады. Топырақтың төменге құламауы үшін жасалған жұмыстар әзірге барлығын ұстап тұруға қауқарлы дейді. Осылайша халықтың қауіпсіздігі үшін жауап беруге дайынбыз деген төтеншеліктер бір маусым күтуді ұсынды.

«Қыс маусымы түскен соң әрине жұмыстарды жүргізу қиындық тудырады. Қала әкімдігі атынан көктем келгенде сараптама жүргізейік. Егер қажеттілік туса, қаржы бөлуге дайынбыз. Қосымша жұмыстар талап етілсе, оны жасайық. Әрине, барлығы заң шеңберінде қаралады. Бірінші кезекте мәселенің себебін анықтап алайық, міндетті түрде шешім табылады», – деді Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев.

Уәжі бар тұрғындар кезекке тұрып, қала әкіміне сұрақтарын қоюға асықты. Көкейді кернеп келген сауалдардың бірін мына тұрғын қойды. Айтуынша, Думан ықшамауданындағы амбулатория өте тар, оның үстіне арнайы мамандар тапшы. Сондықтан аты бар да, заты жоқ мекеменің орнын басатын емхана керек деп шағымданды.

«2-3 тоқсанда құжаттары дайын болса, жұмысты бастаймыз. Бәрі дұрыс болса, 2024 жылдың соңына дейін шаруаны бітіреміз. Шыдай тұруға тура келеді. Өткен жолы келгенімде үлкен емхана керек деп айтқан едім. Халық өсіп жатыр Думанда. Салып береміз. Жер тауып та қойдық. Бәрі дайын», – деді Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев.

Қала басшысына жеке де, ұжым болып та жазып жатқандар жетерлік. Көршілердің де арызын арқалай келдім деген тұрғынның сөзінше, 4 тұрғын үйде бір ғана ойын алаңы салынған. Оның өзі тым қарапайым. Балалар үшін ең құрығанда әткеншек те жоқ деп қынжылды.

«Ендігі жылғы халықтың бюджеті ішіне соны қосады. Ендігі жылы аман-есен көктемде бастағаннан кейін жазға дейін жұмыстарын бітіріп береді сіздерге», – деді Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев.

«Аудан тұрғындарымен кездескен кезде осы мәселе көтерілген. 12 үй бойынша бардық, көрдік. Самал-2 мен шекаралас үйлердің толығымен есептетіп, келесі жылға оны да қостырттық. Бәрін келесі жылы орнатамыз», – деді Медеу ауданының әкімі Еркебұлан Оразалин.

Алматы әкімі кездесуде 2 жарым сағаттан аса уақыт отырды. Ол микрофон алдына тізілген тұрғындардың барлық уәжін тыңдауға тырысты. Жауаптыларға тиісті тапсырма беріп, халықтың талап-тілегіне ерекше көңіл бөлетінін жеткізді.

Жадыра Омаржан, Рашиддин Якупов, «Алматы» телеарнасы