Алматыда бизнес өкілдеріне шығын өтеудің ережелері өзгертілді

22.02.2022 в 21:06

Бұған дейін аталған жүйе тек белгілі бір санаттағылар үшін қолжетімді болған еді

Қаңтар оқиғасында зардап шеккен бизнес өкілдеріне шығын өтеудің ережелері өзгертілді. Енді 10 миллион теңгеден астам көлемде зиян тартқан кәсіпкерлер үшін жеңілдетілген механизм жүзеге аспақ. Бұған дейін аталған жүйе тек белгілі бір санаттағылар үшін қолжетімді болған еді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.  

 

Антон Свиридов үшін қаладағы тәртіпсіздіктерден кейін жұмысын қайта бастау оңайға соқпапты. Ұялы телефон мен оның құрылғыларын сататын бірнеше дүкенді қалпына келтіру үшін кәсіпкерге 3 апта керек болған. Өйткені бұзақылар мұндағы бар тауарды алып, сөрелер мен құрылғыларды қиратып кеткен. Бұдан келген жалпы шығын 3 миллион теңгеге бағаланыпты. «Жоғарыда аталған жеңілдетілген механизмді қолданып, бизнесімді қалыпқа келтіріп алдым» дейді Антонның өзі.

«Тиісті құжаттарды толық өткізген соң өтінішім қабылданды. Жалпы, мұның бәріне 1 апта уақыт кетті. Бәрі реттелгеннен кейін шамамен 2-3 күннің ішінде өтемақымды алдым. Аяққа тұруға көмектесті, рақмет!», - дейді кәсіпкер Антон Свиридов.

Жапа шеккен бизнесті қолдауға арналған өтемақыны Антонның көршісі Гузеля де алған. Кәсіпкерлер шығынды өтеуге атқарушы билік өкілдерінің көп көмегі тиді деп отыр.

«Өтінішті толтырып, жіберуіме әкімшіліктің мамандары көп көмектесті. Қате кеткен тұстары болса, шақырып, түзетіп, қайта тапсыртты. Рахмет айтамын», - дейді тағы бір кәсіпкер Гузеля Айсахунова.

Дегенмен жеңілдетілген жүйе бойынша жеңіл түрде өтемақы алу әркімге бір бұйырмай тұр. Себебі аталған механизм бәріне ортақ емес. Кәсіпкерлердің шығынын өтеу үшін енгізілген өзгерістер бірқатар ережеге де бағынады. Мысалы, бұрын мұндай көмекті тек 5 миллион теңгеге дейін залал көргендер ғана қолдана алатын. Қазір бұл талап 10 млн теңгеге өзгерген.

«Біз ұлттық экономика министріне өз ұсыныстарымызды жолдадық. Зардап шеккен нысандарды қолдау үшін арнайы механизмдер өзгерту мәселесі жөнінде ұыныстар айттық», - деді кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасы басшысының орынбасары Қанат Сағындықов.

Аталған өзгерістер 300-ге жуық кәсіпкердің оңайлатылған жүйе бойынша өтемақы алуына мүмкіндік беріп отыр. Мамандар осы бағытта түскен өтініштердің барлығы 15-наурызға дейін қарастырылады дейді.

Мадина Оқас, Әнуар Амангелдинов, Жаксылық Төлепберген, «Алматы» телеарнасы