Жетісу ауданындағы оң өзгерістер тұрғындардың көңілінен шығып жатыр

15.07.2021 в 22:29

Құлагер шағын ауданында 150 келушіге арналған заманауи спорт кешенінің құрылысы жалғасып жатыр

Жетісу ауданында биыл тозығы жеткен 2 үй сүріліп, орнына 183 пәтерлі 3 тұрғын үй салынбақ. Қалада реновациялау бағдарламасы қарқынды жүзеге асып жатыр. Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев ауданның әлеуметтік инфрақұрылымын жақсарту жұмыстарын тексеріп, бірқатар нысанды аралады. Толығырақ Almaty.tv тілшісі Назкен Еркін тарқатады.  

Жетісу ауданының тұрғындары Сейфуллин даңғылының бойындағы бұрын қараусыз қалған аумақтың ретке келгеніне дән риза. «Бюджетке қатысу» бағдарламасы аясында мұнда воркаут спорт құрылғылары орнатылып, айнала абаттандырылған. Қала әкімі Бақытжан Сағынтаев алаңды көріп, біткен іске оң бағасын берді.

«Кешке жақын бала-шағамызбен келеміз. Мына жарық қондырып берді. Жап-жарық. Сосын мына мектептегі жаттығу жабдықтарымен осындағы оқушылар, балалар айналысады. Анда-санда өзім де келіп, жаттығу жасаймын», – деді қала тұрғыны Гүлфара Жүсіпова.

«Бұрында бұл жерде қоқыстар көп болатын. Қазір өте әдемі. Тұрғындар келіп демалады, балалар ойнайды. Өте жақсы болды, рақмет», – деді қала тұрғыны Құралай Жұмағұлова.

Сонымен қатар, қала басшысы осы «Бюджетке қатысу» жобасы арқылы салынып жатқан «Құлагер» шағын ауданындағы жүргіншілер аймағын көрді. Әрі қарай Бақытжан Сағынтаев №102 мектептің жаңа корпусының құрылыс қарқынымен танысты. Жаңа нысан 150 оқушыға шақталып салынып жатыр.

«Корпустың ішкі жағында жұмыстың 70 пайызы аяқталды. Сыртқы жағында қазір қасбет жұмыстары жүріп жатыр. Осы тамыздың ортасына, болмаса қыркүйекке дейін аяқтауға тырысып жатырмыз», – деді учаске басшысы Асылбек Сарықожаев.

Ал Құлагер шағын ауданында 150 келушіге арналған заманауи спорт кешенінің құрылысы жалғасып жатыр. Нысан спорт және жаттығу залдарынан, екі бассейннен тұрады.

«Қазіргі таңда бетондық, монолиттік жұмыстары жүріп жатыр. Сонымен қатар, металдық құрылымдар жұмыстары, сантехникалық, қалау-өрлеу, сылақ жұмыстары жүруде», – деді құрылыс учаскесінің прорабы Асхат Сәдуақасов.

Бұдан бөлек, «Жұмысшылар поселкесі» деп аталып кеткен елді-мекенде, Райымбек даңғылы, Крылов, Казаков, Боткин, Гончаров, Скрябин көшелерінің қиылысында реновациялау бағдарламасы бойынша жаңа үйлер салынып жатыр. Былтыр 6 ескі үй бұзылып, орнына 304 пәтері бар 4 үйдің құрылысы басталған еді. Ал биыл тозығы жеткен тағы 2 үй сүріліп, орнына 183 пәтерлі үш үй тұрғызылады. Осы ретте сүрілетін үйдің тұрғындары қала әкіміне қоныс аудару мәселесінің кеш жүріп жатқанын айтты.

Осыған орай, Бақытжан Сағынтаев «Алматы» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының басшылығына тұрғындардың уақытша паналайтын жерін жедел шешуді тапсырды. Сонымен қатар, қала әкімі емханалардағы жүктемені азайту үшін Омаров және Сидоркин көшелеріндегі бос тұрған дайын ғимараттарды сатып алу мәселесін қарады. Ал Жангелдин көшесінде арық жүйесі қалпына келтірілген. Жаңбырлы күндері мұндағы үйлерді су басып, тұрғындар әбігерге түсетін. Енді бұл мәселе де оң шешімін тапқан.

«Мына жердің бәрін су алып кететін, өте қауіпті. Жаңбыр жауса, түнді ұйқысыз өткізетін едік. Аудан әкімдігінің қызметкерлері келіп барлығын жасап берді. Алғысым шексіз», – деді қала тұрғыны Исмаил Мамедов.

«Жаңбыр жауған күні әбден берекеміз қашатын. Қазір арық жүйесі ретке келді. Көп техника қолданылды», – деді қала тұрғыны Тамиля Новикова.

Одан бөлек, қазір Қазыбаев көшесі мен Рысқұлов даңғылы, Тәттібеков көшесі мен Райымбек даңғылы бойында инженерлік желілердің құрылысы аяқталып қалған. Орталық жүйеге 6 мыңнан астам абонент қосылады. Жұмыс сапарының соңында Бақытжан Сағынтаев Көкмайса шағын ауданындағы Есентай өзенінің жағалауын абаттандыру, Үлкен Алматы каналы бойындағы учаскені қайта жөндеу жұмыстарымен танысты. Қалалықтардың пікірін ескере отырып, қала басшысы Жасыл экономика басқармасына тиісті тапсырма берді.

Назкен Еркін, Самат Медетұлы, Арсен Сандыбаев «Алматы» телеарнасы