Алатау ауданы тұрғындарын алаңдатқан мәселе: қала әкімімен кездесу 3 сағатқа созылды

28.04.2022 в 21:20

Айтылған мәселелерді Қоғамдық кеңес өкілдері мен мәслихат депуттары бақылауға алады

Алматы әкімінің Алатау ауданындағы кездесуінде халықтың тарапынан түскен сауалдардың көбі қоғамдық көлік, заңдастыру мен кәріз жүйелеріне қатысты болды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Сонымен, Алматыда жаңа 150 автобус қолданысқа беріледі. Қазір қоғамдық көліктің 100 данасы әкелінген. Соның басым бөлігі дәл осы ауданға үлестірілмек. Қаланың шеткі аумағын қамтитын Алатау ауданында, әсіресе Алғабас, Рахат, Мәдениет, Ұлжан-2 сияқты ықшам ауданында қоғамдық көліктер мен аялдамалар жетіспейді. Есептік кездесуде халық әкімнің назарын осы мәселеге аудартты. Мәселен Мәдениет шағын ауданының тұрғындары №122 автобустың өте кішкентай әрі жүру жиілігі өте ұзақ екенін айтып шағымданды.

«Халықтың атынан балабақшаға тасыған баланың, мүгедектігі бар кісілердің автобусқа сыймай қиналғанын жеткіземін. Бізге қаланың басқа да бірнеше бағыттарына үлкен автобус берулеріңізді сұраймыз. Және бұл мәселе қашан шешіледі», – деді аудан түрғыны.

«15 маусымға дейін көп сұрақтарды шешеміз. Осы жылы біз 150 жаңа автобусқа тапсырыс бердік, 100-і келді. Енді маршрут бойынша бөліп жатырмыз. Ішінде №122 автобустан басқа қосымша жаңа қоғамдық көліктерді қосамыз. Интервалды 30-40 минуттан 10-15 минутқа қысқартамыз», – деді Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев.

«Мәдениет ықшам ауданында қазір 15 автобусқа дейін көбейттік.  Айдың ішінде тағы да 17 автобусқа көбейту жоспарланып отыр», – деді Мобилділік басқармасының басшысы Ғани Мырзаханов.

Жалпы ауданда жаңадан үш маршрут ашылмақ. Бұдан бөлек 50 жаңа аялдама салынады. Бір айта кетерлігі, кездесуде Мәдениет шағын ауданының тұрғындары белсенді болды. Өйткені онда жерді заңдастыру, жол құрылысы, ауыз су мен көше жарығы, газбен қамту сияқты түйткілдер толып қалған.

«Бізде су мен жарықтандыру, жол, тұрғын үйді сүру мәселесі бар. Соны бізге анықтап айтып берсеңіздер. Содан кейін газ мәселесін нақты шешіп берсеңіздер екен», – деді аудан тұрғыны

«Су және басқа желілерді дайындауға осы жылдан бастап арнайы жобаларды дайындап жатырмыз. Аудан әкімі Мәдениет шағын ауданы тұрғындарының сұрағын жинап берген. Соны бірге қарап, Мұхит Бақытұлы алдағы 5-6 маусымда сіздерге өзі жеке келеді», – деді Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев.

Ауданда кәріз жүйесі де өзекті мәселе. Бұған дейін бір ғана Шаңырақ-2 ықшам ауданына 7 кәріз-сорғы стансасы салынуы керек болған екен. Тұрғындар осы жұмыстарды жеделдету үшін тиісті учаскелерді сатып алып, құрылысты бастауды талап етті. Ал оған дейін әкімдік уақытша тегін ассенизатор бөлуді қарастыратын болды. Сонымен қатар мектептер мен балабақшалардағы орын тапшылығы, емхана, балалар алаңын салу мәселелері оңтайлы шешілмек. Кездесу кезінде тұрғындар тарапынан сәбидің тұсауын кестіру туралы да өтініш түсті. Бұқараның бұл бұйымтайын әкім орындаудан бас тарта алмады. Жалпы осында айтылған мәселелерді Қоғамдық кеңес өкілдері мен мәслихат депуттары бақылауға алады.

«Бүгін қала әкімінің тұрғындармен кездесуінде кей мәселе дер кезінде шешімін тапса, келесі бірін орындау үшін уәде берілді. Басқарма басшылары, әкім орынбасарлары, мәслихат хатшысы қатысып отыр, жауап береді», – деді қалалық мәслихат депутаты Қали Сәрсенбай.

Айта кетейік,  қала әкімі Ерболат Досаев осымен екінші рет есеп беру кездесуін өткізіп жатыр. Шамамен үш сағатқа созылған жиынға 600-ге жуық адам келді. 100-ге тарта сұрақ көтерілді. Әкім алдағы уақытта халықпен кем дегенде 22 кездесу өткізеді.

Назкен Еркін, Сағындық Нарықов, «Алматы» телеарнасы