«Халықтың бюджетке қатысуы»: Алматыда бағдарлама аясында қандай жоба іске асты

01.07.2022 в 21:28

Биыл өтінім мен ұсыныстар 20 шілдеге дейін budget.open-almaty.kz сайтында қабылданады

Биыл Алматыда «Халықтың бюджетке қатысуы» бағдарламасы аясында 237 жобаға қолдау көрсетіледі. Ол үшін жергілікті бюджеттен 8,7 миллиард теңге бөлініп отыр. Бұл туралы қаржы басқармасының өкілдері мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

«Халықтың бюджетке қатысуы» жобасы аясында былтыр қала халқынан 934 ұсыныс түскен. Оның тек 256-сы мақұлданып, іске асқан. Соның бірі - Алмалы ауданында бой көтерген мына воркаут алаңы. Шевченко мен Мұратбаев көшелерінің қиылысында салынған нысанның құрылысына 24 миллион 528 мың теңге қаржы бөлінген. Қолданысқа берілген алаңда мүмкіндігі шектеулі жандарға да жағдай қарастырылған.

«Бұрын бұл жерде бос аумақ болған. Қала тұрғыны өзінің ұсынысын budget.open-almaty.kz сайтына берді. Жобаның орташа құнын есептеп, эскизін жасады. Кейін эксперттік кеңес бұл ұсыныстың заңдылығын қарастырып, дауыс беруге жіберілді. Жоба 25-тен жоғары дауыс жинады», – деді Қаржы басқармасының бөлім басшысы Айзат Қалжанова.

Ал Әуезов ауданында былтыр құны 443 миллион теңгеден асатын 22 жоба жүзеге асыпты. Негізінен тұрғындар орталық аймақтар мен саябақтарды абаттандыру, тротуарларды жөндеу және балалар алаңын салу бойынша өтінім берген. 1-ықшамаудандағы саябақ та көптің сұрауымен салынған. Қазір мұнда жаңа жарық бағандары орнатылып, орындықтар қойылған, жасыл желектер отырғызылып, спорт алаңы бой көтерді.

«Біздің аудан бойынша осы жобаға 230-дан аса ұсыныс келіп түскен болатын. Соның ішінде 49-ы қазіргі таңда іске асып жатыр. Көптеген бізге ұсыныс жасалған жобалар ережеге сәйкес келген жоқ. Өйткені, жер телімдері жекеменшікте болған немесе көптеген жобалар біздің әкімдікте қарастырылып қойған еді», – деді Әуезов ауданының әкімі Сайран Сайфеденов.

Әуезов аудандағы көпір астына салынған воркаут алаңы да қазір жергілікті тұрғындар арасында кеңінен танымал. Нысанның жалпы аумағы 1000 шаршы метрге жетеді. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін алаң сырты темір тормен қоршалып, теннис үстелі мен баскетбол алаңы қойылған.

Саин мен Жұбанов көшелерінің қиылысында орналасқан бұл спорт алаңы Әуезов ауданы халқының қатысуымен бой көтерген. Жоба авторының сөзінше, бұрын соңды бұл жер қоқысқа толы, бос жатқан аумақ болған. Бүгінде заманауи спорт жабдықтарымен қамтамасыз етілген нысан көптің көңілінен шығып, балалардың бос уақытын өткізуіне арналған пайдалы кеңістікке айналып отыр.

«Ең бастысы арманымыз орындалды. Мен өзім – жасөспірімнің анасымын. Сондықтан біз жергілікті тұрғындармен бірлесіп, осы жобаны ұсындық. Ақылдасып, құжатта құрылыс жұмыстарына қандай жабдықтарды қолдану қажеттігін көрсеттік. Еңбегіміз еленіп, жоба іске асты. Біз қуаныштымыз», – деді жоба авторы Юлия Джарокова.

Сондай-ақ Әуезов пен Әйтиев көшелерінің арасында орналасқан саябақтағы мына алаңды жергілікті тұрғындар игілігіне пайдаланып отыр. Қазір бұл жер итті серуендететін арнайы аймаққа айналған. Былтыр мақұлданған жобаға әкімдіктен 4,7 миллион теңге қаржы бөлініпті. Айта кету керек, «Халықтың бюджетке қатысуы» биыл да жалғасын тапты. Өтінім мен ұсыныстар 20 шілдеге дейін budget.open-almaty.kz сайтында қабылданады. Бір жобаның ең жоғары құны 61 миллион 200 мың теңгеден аспайды.

Аяулым Көлжігіт, Ялкунжан Әшімжанов, Медет Саматұлы, «Алматы» телеарнасы