Зерделі шағынауданындағы қабырғасы қисайған көпқабатты үйлердің мәселесі қашан шешіледі

05.05.2022 в 22:46

Биыл аудан тұрғындарының ұсынысымен 36 жоба іске аспақ

Зерделі шағынауданындағы қабырғасы қисайған көпқабатты үйлер келесі жылдың соңында толықтай бекітіліп бітеді. Ал Ақбұлақ ықшамауданының тұрғындары маусымда жаңа су және кәріз жүйесіне қосылады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Зерделі шағынауданында мектеп жетіспейді. Балаларға көршілес ауданға баруға тура келеді. Бұдан бөлек аудан тұрғындары бірнеше жылдан бері 9 қабатты үйлердің қисайғанына қатысты талай шағым түсірген болатын. Бұл мәселелер қала әкімі Ерболат Досаевтың Алатау ауданы халқымен кездесуі кезінде де көтерілді. Үйлерді бекіту жұмыстары келесі жылы аяқталатыны белгілі болды.

«2023 жылдың қыркүйек айында 550 орындық мектептің жұмысы аяқталады, балалар жаңа білім ордасында оқиды деген сеніміміз бар», – деді Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев.

«Қазір біз Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми зерттеу институтының кеңес беруімен жоба жасап жатырмыз. Жыл соңына дейін ішкі бекіту жұмыстарын жүргіземіз. Биылға 7 үйді аяқтау жоспарланған. Келесі жылдың соңына дейін Зерделі шағынауданындағы тұрғын үйлерді толық бекітіп бітеміз», – деді қала әкімінің орынбасары Мұхит Әзербаев.

Ал Ақбұлақ шағынауданының халқы биыл толықтай орталықтандырылған су мен кәріз жүйесіне қосылады. Алатау ауданының 75 пайызы осындай инженерлік желілермен қамтылған.

«10 маусымға дейін Ақбұлақ шағынауданына су құбыры тартылады.  «Алматы Су» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнына тапсырма бердім», – деді Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев.

Бұдан бөлек биыл Алатау ауданында балалар алаңы көбейеді. Мәселен Томирис шағынауданында 2  балалар ойын алаңы салынбақ.

«5-6 көшеде асфальт жабындысын жөндеп жатыр. Орташа жөндеу жұмыстары жасалған, енді қайта жөндейміз. Ал балалар алаңы бойынша Томирис шағын ауданында 2 жоба қарастырылған. Осы жылы көлдің түбінде балалар ойнайтын алаң салынады», – деді Алатау ауданының әкімі Азамат Қалдыбеков.

«Бюджетке қатысу» бағдарламасы жалғасып, аудан тұрғындарының ұсынысымен 36 жоба іске аспақ. Бұл жоба негізінде балалар, спорт, жасыл аймақтарды суару жүйелері салынады.

Назкен Еркін, Сағындық Нарықов,  «Алматы» телеарнасы