Мемлекеттік комиссия елімізде 4 мамырдан бастап жұмысқа кірісетін қызмет түрлерінің тізімін бекітті

29.04.2020 в 18:15

4 мамырдан бастап барлық өңірлерде жұмысқа кірісетін кәсіпкерлік субъектілерінің қызмет түрлерін еліміздің премьер-министрі атады

Мемлекеттік комиссия елімізде 4 мамырдан бастап жұмысқа кірісетін қызмет түрлерінің тізімін бекітті, деп хабарлайды Almaty.tv.

Комиссия өңір әкімдерінің ұсыныстарын қарап, Денсаулық сақтау министрлігінің позициясын ескере отырып, бірқатар шешім қабылдады. 4 мамырдан бастап барлық өңірлерде жұмысқа кірісетін кәсіпкерлік субъектілерінің қызмет түрлерін еліміздің премьер-министрі атады.

«Аумағы 500 ш. м. дейін болатын азық-түлік сатпайтын дүкендер сағат 17:00-ге дейін жұмыс істейді. Фотосалондар, гүл сататын дүңгіршектер, шаштараздар медицина орталықтары, стоматологиялық клиникалар алдын ала жазылу бойынша жұмыс істейді. Жылжымайтын мүлікпен операцияларды жүзеге асыратын компаниялар, жарнама агенттіктері, адвокаттар, нотариустар, шағын қаржы ұйымдары, сақтандыру компаниялары, ломбардтар, айырбастау пункттері, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар компаниялары жұмысын бастайды. Сонымен қатар, далада спортпен шұғылданып, жаттығу жасауға рұқсат етіледі», – деді  ҚР Премьер-министрі Асқар МАМИН.

Бұдан бөлек, Нұр-Сұлтан мен Алматыдан Қызылордаға, Петропавлға, Өскеменге және Семейге әуе қатынастарын қайта жандандыру туралы шешім қабылданды. Рейстер санитарлық талаптардың нормаларын күшейтумен, аз жолаушылармен және салонда ерекше қашықтықты сақтап отырғызу арқылы жүзеге асырылады.