Денсаулық сақтау вице-министрлері коронавирусқа қарсы «Спутник V» вакцинасын салдырды

01.02.2021 в 15:32

Оларға ресейлік «Sputnik ВИ» егілді

Бүгін елімізде жаппай вакцинациялау науқаны басталды. Таңертең алғашқылардың бірі болып елордадағы №6 қалалық емханада Денсаулық сақтау вице-министрі - Бас мемлекеттік санитар дәрігер Ерлан Қиясов пен Денсаулық сақтау министрінің орынбасары Ажар Ғиният коронавирусқа қарсы вакцина салдырды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Оларға ресейлік «Sputnik ВИ» егілді. Алдымен вице-министрлер тексеруден өтті және вакцинаға қарсы көрсетілім жоқ екені анықталды. Ерлан Қиясов екпе алғаннан кейінгі әсерімен бөлісті.

«Ешқандай қолайсыздық сезіп тұрған жоқпын. Ең алдымен вакцина алатын адамды дәрігер тексереді, анамнез алынады. Дене қызуы, қан қысымы, жұтқыншақ тексеріледі. Содан кейін дәрігер ол адамға вакцина салуға рұқсат береді. Пациент ерікті түрде вакцина алатыны туралы ақпараттық келісімге қол қояды. Егер ол барлық процедуралармен келіссе, 21 күннен кейін вакцинаның екінші кезеңіне де келуі керек», – деді ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі - бас мемлекеттік санитар дәрігер Ерлан Қиясов.

Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиният та вакцинадан кейін ешқандай шағымы жоғын жеткізді. Сонымен қатар, бүгін республика бойынша 1500-ден астам медицина қызметкеріне екпе салынатынын айтты.

«Инфекцияға қарсы екпе алдым. Барлық қызметкерлерді, әріптестерімді, сосын халқымды осы коронавирустық инфекцияға қарсы екпе алуларыңызды сұраймын. Өйткені бүгін тағда эпидемиологиялық жағдайдың асқынып тұрған кезінде осы инфекцияға қарсы күрестің бірден-бір жолы осы вакцинаны алып, өзімізде иммунитетті қалыптастыру», – деді ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиният.