Алдын алу шараларын сақтау эпидемиялық жағдайды ұстап, қатаң шектеу шараларының енгізілуін болдырмауға мүмкіндік береді — Бекшин

10.12.2020 в 10:57

Алматыдағы эпидемиялық жағдай күрделі күйінде қалып отыр

Алматыдағы эпидемиялық жағдай күрделі күйінде қалып отыр. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен онлайн-брифинг барысында Алматының Бас мемлекеттік санитар дәрігері Жандарбек Бекшин мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Осыған байланысты ол тұрғындарды қауіпсіздік шараларын ұстанып, санитарлық-эпидемиялық талаптарды сақтауға шақырды.

Сонымен қатар, ол тек алдын-алу шараларын жаппай сақтау арқылы аурудың өсуіне және қатаң шектеу шараларын енгізілуіне жол бермеу мүмкін болатындығын атап өтті.

«Карантин шараларын қатайту азаматтардың шектеу шараларын қаншалықты  сақтайтынына байланысты болады. Егер барлық ережелерді жаппай елемеу салдарынан эпидемиялық жағдай ушығатын болса, онда біз қатаң шаралар қолдануға мәжбүр боламыз. Бізге қырағылықты жоғалтпау керек. Тек солай ғана қаламыздағы жағдайды ұстап тұра аламыз», — деді Ж. Бекшин.

Әлемдегі жағдайдың ушыға түскенін және мегаполисте сырқаттанудың көбеюі мүмкін деген болжамды ескере отырып, ол тұрғындарға шектеу шараларын сақтау мен өзіндік тәртіпті сақтау маңыздылығын еске салды.

«Карантин режимін ұстанып, күн сайын айтылып жатқан қарапайым ережелерді сақтау керек. Олардың орындалуын жақындарымыздан, туыс-туғандарымыздан талап ету керек. Бетперде тағып, әлеуметтік қашықтықты сақтап, адамдар жаппай жиналатын орындарға, әсіресе жабық ғимараттарға бармау. Қоғамдық көлікке бетпердесіз және қолғапсіз кірмеу. Аса қажеттілік туындамаса, адам көп жиналатын орындарға бармау, және ауасы қиын желдетілетін жабық мекемелерде көп уақыт өткізбеу. Сыртқы жабындарды дезинфекциялық құралдармен өңдеу. Қолды жиі жуу және балаларды жеке гигиенаны сақтауға үйрету, қолда антисептикалық құралдардың болуы», — деп атап өтті Алматының санитар дәрігері.

Алматының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау Департаментінің мәліметтері бойынша, 8 желтоқсан күні магеполис коронавирустың таралу қарқыны бойынша «сары» аймақта болған. Жыл басынан бері аумақта коронавирус инфекциясының 16 667 оқиғасы, сонымен бірге, осы жылдың тамыз айынан бастап есепке алынған 1205 анықталмаған пневмония тіркелген.