Екінші рет коронавирус жұқтырған науқас қайтыс болды

13.10.2020 в 12:17

Екінші рет вирус жұқтырған 23 науқастың 20-сы сауығып шыққан, екеуі ем қабылдап жатыр

Әлем бойынша COVID-19 вирусын қайта жұқтырғаннан кейінгі алғашқы өлім жағдайы Нидерландта тіркелді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Көз жұмған 89 жастағы әйелге бұған дейін қатерлі ісік диагнозы қойылған болатын. Шілдеде ауруханадан сауығып шыққан науқастың екінші рет вирус анықталғаннан кейін жағдайы нашарлап, 2 аптадан кейін дүниеден озды. Осы уақытқа дейін әлем бойынша коронавирусты қайта жұқтырудың 23 жағдайы тіркелген. Алғашқысы 24 тамызда Гонконгте анықталды. Екінші рет вирус жұқтырған 23 науқастың 20-сы сауығып шыққан, екеуі ем қабылдап жатыр. 

Ал, Германия канцлеры Ангела Меркель елдегі коронавирус індетінің таралуын тежеу бойынша қолға алынатын шаралар туралы хабарлады. 11 ірі қалада инфекция жұқтырғандар саны 1 аптаның ішінде айтарлықтай өсетін болса, онда қосымша қатаң шаралардың жүзеге асатынын жеткізді. Қажет жағдайда коменданттық сағат енгізуді және кей өңірлерде ішімдіктің сатылымын тоқтатуды қолға алмақ. Жалпы Германия халқы коронавирус індетінің 2021 жылы да тарауы мүмкін деп үрейленіп отыр. 

«Ergo» сақтандыру компаниясының қоғам пікірін зерделеу мақсатында жүргізген сауалнамасына қатысушылардың 60 пайызы қауіпті дерттің келесі жылы да тарайтындығына алаңдаушылық білдірді. Сауалнамаға қатысушылардың тек 18 пайызы ғана үрейленуге еш негіз жоқ деп есептейді. Ең қызығы, індеттің тарауы жалғасуы мүмкін деген болжам негізінен 18-30 жас аралығындағы азаматтарды қатты алаңдататын көрінеді.