Алматыда 2,8 млн препарат қоры бар – Бақытжан Сағынтаев

28.07.2020 в 12:25

Осы аптаның соңына дейін Тұрақтандыру қорының есебінен тағы 3,8 млн қаптама әкелінеді

Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев халықты дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жұмыстарын баяндады, деп хабарлайды Almaty.tv.

«Медицина ұйымдарын материалдық-техникалық жабдықтауға, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге, жеке қорғану құралдарын сатып алуға жергілікті бюджеттен 68,5 млрд теңге бөлінді. Әлеуметтік маңызы бар дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар бойынша Тұрақтандыру қоры құрылды. Оған 10 млрд теңге бөлінді. 94 түрлі препараттардың қоры жасалуда»,– деді әкім Үкімет отырысында. 

Оның айтуынша, 1 шілдеден бастап 9 млн астам қаптама дәрі-дәрмек келіп түсті. Оның ішінде Тұрақтандыру қорының қаражаты есебінен - 3,6 млн қаптама алынған. 

«Бүгінде қала қоймаларында 2,8 млн препарат қоры бар. Осы аптаның соңына дейін Тұрақтандыру қорының есебінен тағы 3,8 млн қаптама әкелінеді. Жұмыс жалғасуда. Қала жеке қорғану құралдарымен тамыз айының соңына дейін қамтамасыз етілген», – деді Бақытжан Сағынтаев.