Алматыда пандемияның екінші толқынына 7 мыңнан астам ковидті төсек-орын дайындалды

07.12.2020 в 12:45

Бұл туралы қала әкім Бақытжан Сағынтаев айтты

Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте пандемияның жаңа толқыны мен мегаполистің санитарлық-эпидемиологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты күшейтілген шаралар жөнінде айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.

Алматыда қуаттылығы 7011 төсек-орын болатын 23 ковидті стационар дайындалды. Пандемия кезінде Алматыда үш жаңа инфекциялық стационар салынды — 2 модульді клиника және РВ-90 госпиталі. Жеке инвестициялар есебінен екі клиника қайта құрылды.

«Клиникалардың материалдық-техникалық базасын нығайту бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Өткен жылы мекемелерді медициналық жабдықтармен жарақтандыруды жаңғыртудың үш жылдық бағдарламасы қабылданды. Биылғы жылы 74 стационар мен клиникалар үшін 4197 бірлік құрал-жабдық сатып алынды», – деп хабарлады Алматы әкімі Б. Сағынтаев.

Оның келтірген мәліметтері бойынша, жедел медициналық көмек көрсету жұмысы және науқастарды бағдарлау жаңа алгоритмге ауыстырылды. Жаңа 35 жедел жәрдем көлігі сатып алынды. 16 желтоқсанға дейін қосымша 50 машина келеді. 2021 жылдың басында тағы 50 көлік алынбақ.

Жалпықалалық зертханалық желі мен пациенттерді диагностикалау жұмысы орталықтандырылды. Жалпы қуаттылығы тәулігіне 14 мыңнан астам ПТР-зерттеулерін 22 мыңға дейін кеңейту мүмкіндігі бар.

Қалалық стационарлар үшін тікелей қолжетімді КТ-, МРТ-, рентген-суреттердің бірыңғай банкі құрылды. Жасанды интеллектке негізделген АТ платформасы өкпенің ең көп зардап шеккен аймағын анықтайды. Ол дәрігерлерге нақты диагноз қоюға және ем-домның сапасын жақсартуға көмектеседі.

Сонымен бірге, амбулаторлық деңгейде медициналық көмек көрсетудің маңызды буыны (түйіні) болып табылатын алғашқы медициналық-санитарлық көмектің жұмысы күшейтілді.

«Өткен жылы біз жақын орналасқан қолжетімді жерден медициналық қызмет түрлерімен қамтамасыз ету бойынша үш жылдық қалалық жоспарды қабылдадық. Барлығы 35 амбулатория салынады. 16 амбулатория іске қосылды, келесі жылы тағы 11 амбулатория пайдалануға беріледі», – деп атап өтті мегаполис әкімі Б. Сағынтаев.

Бірінші эшелон стационарларын медициналық газбен, соның ішінде оттегінің орталықтандырылған жүйесімен қамтамасыз ету жөніндегі жалпықалалық бағдарлама іске асырылуда. Қаланың медициналық ұйымдарының кәріз суларының биологиялық қауіпсіздігі режимі енгізілді. Медициналық қалдықтарды кәдеге жаратуға бақылау күшейтілді.