Бекшин коронавирустың «алматылық штамына» қатысты пікір білдірді

30.03.2021 в 14:08

Жаңа штамды анықтау үшін қосымша секвенирлеу жұмыстары жүргізіледі

Алматының бас санитария дәрігері Жандарбек Бекшин қалада «коронавирустың алматылық штамы пайда болды» деген ақпаратқа қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды  Almaty.tv тілшісі Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.

Жандарбек Бекшиннің сөзінше, бүгінде «алматылық штаммға» қатысты ресми ақпарат жоқ.  

«Ұлыбританиялық және оңтүстікафрикалық штамға қатысты зертханалардан ресми жауап алдық. Ал «алматылық штамға» қатысты ресми мәлімет жоқ. Әрине, БАҚ-та әртүрлі нәрсе жазылады. Оны тексеріп алу қажет, қолда ресми мәлімет болуы керек қой. Біз ресми орган ретінде тек ресми мәліметке сүйене аламыз», – деді Бекшин Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте.

Еске салайық, бүгін ғалымдар Қазақстанда COVID-19-дың «алматылық штамы» пайда болуы мүмкін екенін айтқан болатын. «Хабар 24» мәліметінше, коронавирустың жаңа штамы Алматыға ғана тән болуы да мүмкін. Бұған дейін қалада оңтүстікафрикалық және ұлыбританиялық штамдардың анықталғанын айтқан едік.

Жаңа штаммды анықтау үшін қосымша секвенирлеу жұмыстары жүргізіледі. Бірнеше аймақтан үлгі алынады. Кем дегенде 10 жерден. Тек тыңғылықты зерттеуден кейін ғана нәтижесі айтылады.

Алматыда коронавирустың тек екі мутациясы: ұлыбританиялық және оңтүстікафрикалық штамм анықталған болатын.