Еуропаның шығыс бөлігінде «омикрон» жұқтырғандар саны көбейіп жатыр

17.02.2022 в 14:21

Соған қарамастан, Еуропа елдері карантин талаптарын жеңілдетіп жатыр

Еуропаның шығыс бөлігінде «омикрон» жұқтырғандар саны көбейіп жатыр. Осыған байланысты Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы карантиндік шектеулерді толық алып тастау ерте екенін айтып дабыл қағуда, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Соған қарамастан, Еуропа елдері бірінен соң бірі карантин талаптарын жеңілдетіп жатыр. Мысалға Австрияда қоғамдық орындарға барғанда ПТР-тест талап етілмейді. Кипр вакцина алған туристерге біршама ережелерді жеңілдетпек. Ал Дания – Еуроодақ елдері арасындағы барлық шектеулерді толығымен тоқтатқан алғашқы ел.  

«Соңғы екі жыл ішінде Еуропаның шығыс бөлігіндегі алты елде инфекция екі есеге өсті. Осылайша омикрон шығысқа қарай жылжып бара жатыр. Вакциналау әлі күнге дейін аурудың алдын алудағы тиімді құрал болып отыр», - деді ДДҰ Еуропалық өңірлік бюросының директоры Ханс Клюге.

Елдегі жағдай бойынша, бүгін Алматы және Шығыс Қазақстан облыстары «жасыл» аймаққа өтті.

Эпидемиологиялық бақылау матрицасына сәйкес, қауіпті аймақта: Алматы қаласы мен солтүстік өңірлер тұр. Жалпы елде өткен тәулікте 1300-ден аса тұрғын вирус жұқтырған. Оның 400-ден астамы, яки басым бөлігі оңтүстік астанаға тиесілі. Ал ең аз көрсеткіш Түркістан облысында, онда 2 адам ауруға шалдыққан.