Қазақстан коронавирусқа қарсы қандай вакциналар сатып алады

02.09.2021 в 21:09

Мемлекет басшысы санитарлық-эпидемиологиялық сараптама зертханаларын халықаралық стандарттарға сай жоғары технологиялы құралдармен қамтамасыз етуді тапсырды

Қазақстан коронавирусқа қарсы вакцинаның бірнеше түрін сатып алады, деп хабарлайды Almaty.tv

Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойдың айтуынша, қазіргі уақытта тасымалдауға, жеткізу кестесіне және келісімшартқа қол қоюға қатысты мәселелер пысықталып жатыр. 

«Қазірдің өзінде Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымында тіркелген бірқатар вакцинаны сатып алғанымызды атап өткен жөн. Олар: Қытайдың Sinovac компаниясы өндірген CoronaVac, Sinopharm компаниясы өндірген VeroCell вакциналары. Бұған қоса, Pfizer-BioNTech вакцинасын жеткізу жоспарланып отыр», – деді ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой.

Бұдан бөлек, еліміздің бас дәрігері Жолдау аясында санитарлық-эпидемиологиялық сараптама зертханаларын жабдықтауға 4,7 млрд теңге бөлінетінін айтты. 

«Мемлекет басшысы санитарлық-эпидемиологиялық сараптама зертханаларын халықаралық стандарттарға сай жоғары технологиялы құралдармен қамтамасыз етуді тапсырды. Зертханалық құралдарды жаңарту қажетті зерттеулердің барлық спекторын орындауға, тест өткізу уақытын қысқартуға мүмкіндік беріп, көрсетілетін қызметтердің сапасын арттырады. Бұл мақсатты республикалық бюджет қаражатынан 4,7 млрд теңге көлемінде қаржыландыру көзделген», – деді Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой.