Нұр-Сұлтанда коронавируске шалдыққан 12 әйел дені сау нәрестені дүниеге әкелді

12.06.2020 в 15:30

Сәуле Кисикова елордада 330 медицина қызметкері коронавирустан емделіп жатқанын жеткізді

Нұр-Сұлтанда коронавируске шалдыққан 12 нәзік жанды дені сау нәрестені дүниеге әкелді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте елордалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәуле Кисикова мәлімдеді. Ақ халатты коронавирустың таралу қаупі әлі де сейілмегенін ескертті. Бұған адамдардың көп шоғырлануы, бетперде режимін сақтамау, әлеуметтік қашықтық пен жеке гигиенаны бұзу себеп екенін алға тартады.

«Біз барлық ұсыныстарымызды сақтауды сұраймыз және талап етеміз. Бұл сіздерге және сіздердің туыстарыңыз үшін қажет. Осы жағдайға қарамастан, өмір жалғасуда. Біздің жұқпалы ауруханаларда коронавирус жұқтырған аналар12 дені сау нәрестені дүниеге әкелді. Бұл біздің медицина қызметкерлерінің өте үлкен және қарқынды жұмысы екенін атап өткім келеді», – деді қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәуле Кисикова.

Сәуле Кисикова елордада 330 медицина қызметкері коронавирустан емделіп жатқанын жеткізді. Оның сөзінше, дерт анықталған дәрігерлердің арасында өлім тіркелген жоқ. Жалпы Нұр-Сұлтанда вирус жұқтырған науқастардың ішінде 270-і бала. Олардың 70 пайызы жазылып шыққан. Өкінішке қарай, толық көлемде жүргізілген медициналық көмекке қарамастан, 14 адам көз жұмған. Көпшілігінде қант диабеті, гипертония, жүрек ырғағының бұзылуы мен жүрек ауруы, қатерлі ісік сияқты жанама аурулар анықталған.

Елордада коронавирус індетіне шалдыққан 270 бала тіркелген