Елімізде кеншілер жаппай коронавирус жұқтырған

20.05.2020 в 20:20

Қазіргі уақытта 935 коронавирус инфекциясын жұқтыру дерегі тіркелді

Атырау облысындағы Теңіз кен орында коронавирус жұтырғандар саны 935-ке жетті. Ол туралы бүгін Мемлекеттік бас санитарлық дәрігер Айжан Есмағамбетова мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Бұдан бөлек ол Шымкент қаласындағы «PetroKazakhstan Oil Production» кәсіпорнының қызметкерлері арасында 101 жағдай анықталғанын, ал Қарағанды облысындағы «Қазақмыс» корпорациясы кеніштерінің бірінде 34 адам тіркелгенін айтты.

«Теңіз кен орнында жұқтырғандардың өсуін ескере отырып, Атырау облысына үкіметтік комиссия жіберілді. Оның нәтижесінде жұмыс жүргізу жоспары қабылданды. Осы жоспардың, кестенің орындалуын бақылауды қамтамасыз ету қажет. Олай болмаған жағдайда бұл науқастар санының артуына, кәсіпорындарды оқшаулауға және жабуға немесе мәжбүрлеп жабуға әкелуі мүмкін», – деді ҚР Мемлекеттік бас санитарлық дәрігері Айжан ЕСМАҒАМБЕТОВА.

Сонымен қатар, бас санитар дәрігер қазақстандықтардың қарапайым талаптарды орындамай жатқанына ренжіді. Жеке гигиенаны сақтамау, көшелерде маскасыз, топ-тобымен жүрудің соңы жақсылыққа апармайтынын айтты. Тіпті ауызашарға барып, індет жұқтырып алғандар да бар екен. Ал, сауда үйлері мен қызмет көрсету орындарында санитарлық талапты елемей жатқандар тіпті көп дейді. Мәселен, мониторинг тобы елордада 353 нысанды тексерген. Оның 85 пайызында талап мүлдем сақталмаған.

«Немқұрайлық салдарына қатысты мысал келтірейін, Қарағанды облысында 1 адам ұжымында 29 адамға жұқтырса, үй ошақтарында 11 адамның ауруына себеп болған. Осы 40 адамның ішінде 3-уі бала. Қазіргі таңда бұл ошақ жабылған жоқ. Өйткені инкубациялық кезең әлі аяқталмады. Түркістан облысында 1 адамнан 8 ошақ пайда болды. Жұқтырған 20 адамның ішінде 60 жастан асқан 2 қария бар. Бұл егде жастағы адамдар қауіп тобына жататынын ұмытпау керек», – деді ҚР Мемлекеттік бас санитарлық дәрігері Айжан ЕСМАҒАМБЕТОВА .