Алматы «сары» аймақта: карантин шаралары жеңілдетіле ме

01.06.2021 в 17:55

Алматыдағы аурудың 100 мың адамға шаққандағы үлесі 92,1 болса, таралу коеффиценті 0,7-ні көрсетіп отыр

Алматы қаласы «сары» аймаққа өтті. Бірақ босаңсуға әлі ерте. Шаxардың бас санитарлық дәрігерінің айтуынша, бүгінде Алматыдағы аурудың 100 мың адамға шаққандағы үлесі 92,1 болса, таралу коеффиценті 0,7-ні көрсетіп отыр. Егер 7 күннің ішінде жағдай  тұрақты болса, жаңа қаулы шығады. Яғни, карантин шаралары жеңілдетіледі, деп хабарлайды Almaty.tv.

Айта кететін жайт, ережелер «Ашық» қосымшасын қолданатын нысандар үшін тиімдірек болмақ. Себебі қаладғы эпидахулдың тұрақталуына бұл жобаның қосқан үлесі зор. Бір ғана мысал, осы уақытқа дейін нысандарға кіруге ниет білдірген «қызыл» статусты 360 адам анықталған. Сондай-ақ, Жандарбек Бекшин халықты жаппай вакцинациялау науқанының оң нәтиже көрсетіп отырғанына тоқталды. Ресми деректерге сүйенсек, қала тұрғындарының 16 пайызы коронавирус екпесін алған. Соның арқасында халықтың 21 пайызында иммунитет қалыптасты. Қаланың бас санитарлық дәрігері егер бұл көрсеткіш 70 пайызға жетсе, қалыпты өмірге оралу мүмкіндігі бар екенін жеткізді.

«Маска режимі, әлеуметтік арақашықтың сияқты қарапайым санитарлық талаптарды сақтау керек. Адам көп шоғырланған жерлерге бармаған жөн. Індет әлі де өршіп тұр. Одан бөлек алматылықтарды вакцина алуға шақырамын.  Бұл – індетті жеңудің бірден бір жолы. Бәріміз сабырлық танытып, біріксек қана, эпидемиологиялық ахуал бұдан да жақсара түседі», – деді қаланың бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин.