Қазақстанға коронавирус инфекциясының «Үнді» штаммы жетті деген күдік бар – вице-министр

21.06.2021 в 18:33

«Дельта» үлгідегі вирустың жұғу қаупі қазіргі штаммдармен салыстырғанда 60 пайызға жоғары

Қазақстанда коронавирустың жаңа штаммы тіркелді ме? Жалпы жаңа оның қауіптілігі қанша? Ал, дәл осы штаммнан Ресейде неше адам көз жұмды? Almaty.tv тілшісі Аяулым Көлжігіт айтсын.

Еліміздің бас санитариялық дәрігері Ерлан Қиясов Қазақстанға жаңа штам жетті деген күдік бар екенін айтты. «Дельта» үлгідегі вирустың жұғу қаупі қазіргі штаммдармен салыстырғанда 60 пайызға жоғары.

«Алдын ала мәлімет бойынша Қазақстанға коронавирус инфекциясының «Үнді» штаммы жетті деген күдік бар. Вирус «Дельта» үлгіде. Ол Нұр-Сұлтан қаласында сараптама талдамаларын жасау нәтижиесінде анықталып отыр», – деді ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Ерлан Қиясов.

Ал, дәл осы «Делта» үлгідегі вирус жұқтырғандар саны соңғы 4 тәулікте Ресейде күрт өскен. Тек бүгін мутацияланған вирусты көрші елде 17 мыңнан аса адам жұқтырып, 440 адам ажал құшқан. Ғалымдар жаңа вирустың қауіптілігі жылдам тарауында, дейді. Жергілікті ауруханалар қайтадан ковидтік госпитальдерге ауысып, қосымша төсекорындар жасақтауда.

«Менің оттегі аппаратынсыз тыныстауым мүмкін емес. Оттегі сәл азайып қалса, сатурациям түсіп кетеді», – деді Ресей азаматы Мария Понамарева.

«Жан сақтау бөлімінде жатқаныма 13 тәулік болды. Осы уақыт аралығында жағдайым әрең тұрақталды. Қазір өкпемнің 55 пайызы зақымданған», – деді Ресей азаматы Светлана Тернова.

Ең сорақысы – Үнді штаммды жұқтырған науқастарға белгілі емдеу алгоритмін тағайындау да мүмкін болмай отыр, дейді ресейлік дәрігерлер. Себебі дерт өте ауыр түрде өтеді. Коронавирустың мутацияға қатты ұшырағаны соншалық, бұрын инкубациялық кезең 7-10 күн көлемінде болса, жаңа штамм 3-4 тәулікке азайған. Тіпті, таралу қарқыны қытайлық штамнан 4 есе, ал жұғуы британдықтан 2 есе жылдам екен. Қазір Ресейдегі науқастардың 90 пайызға жуығы дәл осы вирусқа шалдыққан. Симптомдары: құсу, іштің ауруы, тіпті құлақтың естімей қалу қауіпі де бар. Десе де ресейліктер вакцина салдыруға белсенділік танытпайтын көрінеді.  

«Қазір біз бұл дертпен барынша күресудеміз. Вирус тез таралып, өзгеріп жатыр. Науқас түскенде белсенді түрде ем жасағанымызбен, бірнеше күн ішінде асқыну орын алуда. Мәселен, компьютерлік томографияда 1-санаттағы дерт бірден 4- санатқа өтіп кетуде. Сол кезде пациентке шұғыл респиратор қажет және оның қуаты жоғары болуы керек. Ол да көмектеспей, адамдарды өкпені жасанды желдету аппаратына қосып жатырмыз», – деді Мәскеудегі № 52 қалалық клиникалық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Сергей Царенко.

Жалпы елдегі эпидахуалды жеңудің жалғыз жолы – вакцина алу. Ғалымдар осылай дейді. Айта кету керек, «Дельта» үлгідегі вирустың кесірі Алматыға қатты тиюі мүмкін дейді дәрігерлер. Сондықтан барынша КВИ екпесін алу маңызды.

Аяулым Көлжігіт, «Алматы» телеарнасы