Алматыдағы ауруханалар оттегіні орталықтандырылған станциялардан алады

06.08.2020 в 19:40

Бұл туралы Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев айтты

Алматыдағы ауруханалар енді оттегіні орталықтандырылған станциялардан алатын болады.  Бұл туралы Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев айтты. 10 қыркүйекке дейін қаладағы негізгі 8 стационар осы жүйеге қосылады. Бұл 1 мың 500-ден аса орын деген сөз. Оттегі медициналық мекемелерге құбырлар арқылы өткізілетін болады, деп хабарлайды Almaty.tv.

«Әрбір ауруханалардағы орынға оттегіні автономды орталықтандырылған станция арқылы беруді қамтамасыз ету қажет. Ал бұл өз кезегінде концентраторларды сатып алмауға, әр төсектің жанында жасанды желдету аппаратын ұстамауға мүмкіндік береді. Сондықтан қазір біз орталықтандырылған оттегі станцияларының құрылысы бойынша жұмысты бастап кеттік», – деді Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев.

Сондай-ақ, әкім коронавирустың асқынған кезінде қалада оттегі аппаратының жеткіліксіз болғанын да атап өтті. Тапшылықты жою мақсатында құрылғылар жан-жақтан алынды дейді әкім. Атап айтқанда, жыл басынан бері 252 өкпені жасанды желдеткіш, 1 мың 50 оттегі концентраторы, 5 компьютерлік томография аппараты, 33 рентген қондырғысы сатып алынған. Тамыз айының соңына қарай жергілікті бюджет есебінен қосымша 1 мың 50 бірлік оттегі концентраторы алынады. Ал жылдың аяғына дейін алматылық барлық ауруханалар  орталықтандырылған станцияға қосылады.

«Жылдың аяғына дейін барлық бірінші, екінші эшелондағы ауруханалар жүйеліндерген станция арқылы оттегімен қамтамасыз етіледі. Осылайша бұл мәселе толық шешіледі деген сенімдеміз. Бүгінде қала бойынша оттегі аппаратының саны жеткілікті болғанымен, бұл уақытша шешім ғана», – деді Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев.