13-кезең: Алматыда мереке күндері дезинфекция жұмыстары қалай жүргізілуде

08.05.2020 в 19:56

Басты назарда – қоғамдық орындар мен автобустар, көпқабатты үйлер мен аулалар

Алматыда карантин басталғалы бері дезинфекция жұмыстары қарқынды жасалып жатыр. Басты назарда – қоғамдық орындар мен автобустар, көпқабатты үйлер мен аулалар. Қазір қалада залалсыздандырудың 13-кезеңі жүріп жатыр. Таңғы 08.00-де бар қажетті құралдарын алып тазалық мамандары кесте бойынша жұмыстарына кіріседі, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.  

«Аптасына әрбір көпқабатты үйге, подьезд,  аулаларға аптасына екі рет дезинфекция жұмыстары жүргізіледі. Дезинфекция жүргізердің алдында хабарландырамыз. Жаңағы дезинфекция жұмыстары жүргізіледі. Одан кейін тұрғындарға 5 сағаттың көлемінде үйде отыруын сұраймыз. Одан бөлек, қазір мына ауру ошақтары дейміз ғой. Сондай подьездер бар. Ондай подьездерде күнде жүргіземіз», – деді Алматы қаласы Тұрғын үй саясаты басқармасының бөлім басшысы Жандос ҚАЙЫРХАНОВ.

Жалпы 13-айналымның екінші күнінде мамандар 8 мың подьездге арнайы қоспа шашып шықты. Бұл жұмысқа бас-аяғы 400-ден аса дезинфектор ат салысты. Ал ауру ошақтарын 20 шақты маман күн сайын тазалап жүр. Бүгін халық көп қолданатын қоғамдық көлікке де хлорлы сұйықтық себілді. Негізі әр айналымды аяқтаған соң автобус тазаланады. Жалпы алғанда қаладағы рейсте жүрген 1600-ден аса автобус күніне 4 рет тазаланады.

«Алматыда карантин жарияланғалы бері қоғамдық көліктерді күшейтілген режимде тазарту жүріп жатыр. Қазіргі таңда бұл жұмысқа 250 маман жұмылдырылды. Соңғы аялдамада автобусты басынан аяғына дейін тазалайтын 53 нүкте бар. Қоғамдық көлік таңғы 09.00-ден бастап кешкі 18.00-ге дейін дезинфекциядан өтеді», – деді Алматы қаласы Мобилділік басқармасының бөлім маманы Дәулет МҰСАҒАЖИНОВ.

«Біздің бригадада 5 адам бар. Егер автобус үлкен болса, еден жуушы мен дезинфектор бірге кіреді. Ал кішірек болса тек бір адам тазалайды. Бірінші кезекте адамдар құлап кетпеу үшін ұстап тұратын ұстағыштарды арнайы қоспамен сүртіп шығамыз. Біз қолданатын қоспаның 20 грамын 10 литр сумен араластырамыз. Адам денсаулығына зияны жоқ», – деді «Арман» автостанциясының бригадирі Елена ЮХИМЧУК.

Ескерте кетейік, елімізде төтенше жағдай режимі әлі аяқталған жоқ. Сондықтан Алматыда осыған байланысты мереке тойланбайды. Қала әкімдігі халық көп жиналатын жерлерге, мемориалдар мен зираттарға барудан бас тартуды ұсынады. Енді ондай жерлерде жаяу және автомобильді патрульдеу күшейеді.

Осыған байланысты, карантин мен санитарлық-эпидемиологиялық ережелерді мүлтіксіз сақтауды естен шығармаған жөн. Талаптарды елемеу заңнамаға сәйкес жауапкершілікке тартатынын естен шығармау керек.

Жадыра Омаржан, Айдана Нұраш, Мұрат Тайжан, «Алматы» телеарнасы