Коронавирус адамның ауыз қуысына зақым келтіруі мүмкін – стоматологтар

10.12.2021 в 21:30

Бұған дейін әлем ғалымдары ковидтің салдарынан жүрек, асқазан, ұйқы безі зардап шегетінін хабарлаған еді

Коронавирус адамның ауыз қуысына зақым келтіруі мүмкін. Бұл туралы қазақстандық стоматологтар қауымдастығы мәлімдеді. Бұған дейін әлем ғалымдары ковидтің салдарынан жүрек, асқазан, ұйқы безі зардап шегетінін хабарлаған еді. Ал қазір отандық мамандар мутацияланған вирус ауыз қуысын қабындырса, арты қайғылы жағдайға әкеп соғуы мүмкін деп алаңдап отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.             

Коронавирустың уханьдық нұсқасы бастапқыда адамның ең маңызды дене мүшелерін зақымдайтын. Уақыт өте келе вирус қатты өзгерді. Ол адам ағзасының түкпір-түкпіріне енуге бейімделді. Енді дәрігерлер оның ауыз қуысында қауіпті аурулар тудыратынын анықтап отыр. Атап айтқанда, еріннің жарылуы, түрлі жаралар және саңырауқұлақ инфекциясы. Ал бұған басты себеп – ковид жұқтырған науқастың ем-шара кезінде түрлі препараттарды қабылдауы екен. Яғни, дәрілердің жанама әсерінен ауыз қуысы қабынып кетуі мүмкін.  

«Соңғы уақытта ауыз қуысында қабынулар пайда болған науқастар қатарының көбейіп кетуі алаңдатып отыр. Стоматологтар қауымдастығы бұл жағдайды коронавирустың асқынуынан болды деп есептейді. Оның салдары өте ауыр. Өйткені ауыздың шырышты қабығында некроз пайда болады. Ол сүйек тініне өтіп кетуі мүмкін», – деді Қазақстан стоматологиялық қауымдастығының аймақтық директоры Гүлнар Сәлімова.

Ал елімізде соңғы аптада коронавирусқа шалдығу дерегі 28 пайызға төмендеді. Бірақ ковидті жұқтырып, жазылғанымен оның салдарынан зардап шеккендер қатары көп. Осы ретте Қазақстанның Профилактикалық медицина академиясы Берлин қаласындағы Шарите клиникасымен келісімшартқа отырды. Уағдаластықтың басты мақсаты – шетелдік жетекші мамандар ковид салдарынан қант диабеті, жүрек және неврологиялық ауруларға шалдыққан науқастарға онлайн кеңес беріп, оңалуға көмектеседі. Бұл – қазіргі қиын эпидемия жағдайында шетелге шыға алмайтын азаматтар үшін қолайлы болмақ дейді ұйымдастырушылар. Жалпы, Жаңа жылда іске қосылатын жобаның құны әзірге 200 еуро деп белгіленіпті. Алайда академия мүмкіндігі шектеулі пациенттер үшін өз қорындағы қаражатты субсидиялауға дайын екенін жеткізді. Ол үшін электрондық пошта арқылы өтінім білдірсе болғаны.

«Бүгінде «омикрон» штамының патологиялық қаупі туралы зерттеулер жүріп жатыр. Бірақ коронавирусты ауыр өткерген науқастармен әлі де жұмыс жасау маңызды екенін ұмытпаған дұрыс. Осы ретте біздің қор мен «Шарите» клиникасының тәжірибелі мамандарынан телемедициналық кеңес алуға болады», – деді Алмаз Шарман.

Қазір «омикрон» штамы жайлаған Еуропа елдері вакциналау қарқынын одан да арттыруды көздеп отыр. Ол үшін ревакциналау мерзімін тағы да қысқартпақ. Бұған дейін екпенің екі дозасынан кейін 6 ай өтуі қажет делінсе, қазір ғалымдар 3 ай өткен соң иммундалуға кеңес беруде. Бұл туралы Еуропалық дәрілік препараттар агенттігі мәлімдеді.  

«Қазір вакцинаның үдеткіш дозасы 6 айдан кейін енгізілуде. Бірақ соңғы зерттеулер екпенің күшейткіш мөлшерін вакциналаудың толық курсын аяқтаған соң, үш айдан кейін енгізуге болатынын көрсетіп отыр. Егер мұндай қысқа мерзім Қоғамдық денсаулық сақтау тұрғысынан қажет болса, неге жүзеге асырмасқа?», – деді Еуропалық медициналық агенттіктің бөлім басшысы Марко Кавалери.

Осылай әлем елдері қайта егу уақытын қысқартып, балаларды 5 жастан бастап вакциналауды қолға алып жатыр. Ал елімізде күшейткіш мөлшерді 6 айдан кейін алуға болады. Әзірге 12-ден 18 жасқа дейінгі балалар мен жүкті келіншектерді және бала емізетін әйелдерді «Файзермен» вакциналау жалғасуда. Қазір иммундалғандар саны 169 297 адамға жетті.     

Аяулым Көлжігіт, «Алматы» телеарнасы