Коронавирус: Алматыда жастар арасындағы өлім-жітім көбейіп кетті

06.08.2021 в 22:00

Мәйітхана маңында жақындарының денесін алуға келгендер көп

Алматыда бір айдың ішінде өлім-жітім көрсеткіші 3 есеге көбейді. Олардың басым бөлігі коронавирустан көз жұмған. Дәрігерлер бұған аса қатерлі де жұқпалы дельта штаммы себеп дейді. Жас талғамайтын вирус енді жастардың да өмірін жалмап жатыр. Осыған байланысты мәйітханаларға да жүктеме көбейген. Тақырыпты қалалық патологоанатомиялық бюросына барып келген Almaty.tv тілшісі Сымбат Ноғай жалғастырсын.

Мәйітхана маңында жақындарының денесін алуға келгендер көп. Қалалық патологоанатомиялық бюросына түсетін мәйіттердің жартысынан астамы індеттен көз жұмғандар. Мамандар олардың арасында жастардың да жиілеп кеткенін айтады.

«Алдыңғы толқындармен салыстырғанда, әрине, індеттен көз жұмғандардың саны артқан. Ең өкініштісі, жастар арасындағы өлім-жітім көбейіп кетті. 35-40 жас аралығындағы азаматтар жиі түсіп жатыр», – деді қалалық патологоанатомиялық бюро директорының міндетін атқарушы Ержан Құттығожин.

Мәйітхана мамандары індеттен көз жұмғандармен аса сақтықта жұмыс істейді. Дегенмен мәйіттен де инфекция жұқтырып алуы ғажап емес екен. Мекеме башысы осы уақытқа дейін ешбір маман вируспен ауырмағанын айтады. Себебі қызметкерлер бір ауыздан келісіп вакцина салдырған.  

«Вакцина салдырған адам індет жұқтырғанның өзінде жеңіл түрде ауырады. Тиісінше өлімге дейін бармайды.  Мәселен, ұжымымыздың жүз пайызы екпе алды. Қызметкерлеріміз коронавирустан қайтыс болғандардың туыстарымен байланыста болады. Марқұмдардың жақындарында вирус болу ықтималдығы жоғары ғой. Дегенмен мамандардың арасында әлі инфекция жұқтыру фактісі тіркелген жоқ», – деді қалалық патологоанатомиялық бюро директорының міндетін атқарушы Ержан Құттығожин.

Алматыда бір аптада індет жұқтыру көрсеткіші бір жарым есеге өскен. Науқастардың арасында 20-39 жас аралығындағы азаматтар көбейген. Ал олардың басым бөлігі вакцина алмағандар. Осылай деген қаланың бас санитариялық дәрігері Жандарбек Бекшин инфекция жұқтырудың шарықтау шегін тамыз айының ортасына болжап отыр. Тиісінше алматылықтар осы кезеңде аса сақ болуы керек дейді ол.

«Қазіргі уақытта тәулігіне 1,5 мың-1,6 мың жағдай тіркеліп жатыр. Сондықтан осы жылдың 30 шілдесінен бастап осы көтерілуі келді қалаға. Коронавирустық жағдайлардың апталық тіркеуінің өсуі сырқаттанушылықтың төмендеуінен 12 мың жағдайға дейін тамыз айының соңына болжануда», – деді қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Жандарбек Бекшин.

Қазір қала бойынша 5156 адам ауруханаларда ем алып жатыр. Оның 200-ден астамы 14 жасқа толмаған бала. Ал, дельта штамын жұқтырушылар стационарға бірден ауыр жағдайда түседі. Себебі мутацияланған вирус адам ағзасын үлкен жылдамдықпен зақымдайтын көрінеді.

«Бірнеше күн ішінде қалада анықталған КВИ анықталған жағдайлардың саны 1500-ден түсіп тұрған жоқ. Оған себеп дельта штаммымен байланысты болып тұр. Өйткені тез жағдай нашарлап кетуіне байланысты , өте жұқпалы штамм түрі. Әрине, соның көбісі ауруханаға жатуға мәжбүр болып отыр. Тағы бір ерекшелігі –  жас адамдардың стационарларда үлес салмағының жоғарылауы. Қазір ол 23 пайызға дейін жетті», – деді қалалық Қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Нариман Табынбаев.

Қаладағы ковидтік стационарлардың қазір 67 пайызы науқастарға толы. 385 науқас жансақтау бөлімінде өмірі үшін күресуде.  

Сымбат Ноғай, Сағындық Нарықов, «Алматы» арнасы