Алматыда қауіпті індетке байланысты дезинфекциялау жұмысы белсенді жүргізілуде

13.04.2020 в 23:06

Химялық препараттар себілгеннен кейін тұрғындарға 5 сағатқа дейін үйінен шықпауға кеңес беріледі

Елімізде қауіпті індетке байланысты дезинфекциялау жұмысы белсенді жүргізіліп жатыр. Осы мақсатта Алматыдағы көпқабатты тұрғын үйлер жаппай залалсыздандырылуда. Өйткені, кіреберістер мен аулалар адам көп жүретін жер болғандықтан мұнда вирустың таралу қауіпі де жоғары саналады, деп хабарлайды Almaty.tv  тілшісі.

Сол себепті де ондай жерлердің түрлі инфекция мен вирустан таза болуы маңызды. Дезинфекция жұмыстары қалай жүргізіліп жатыр?

Дезинфекциялық жұмыстар жүргізілмес бұрын тұрғындарға хабарланады. Содан кейін ғана дезинфектор мамандары көп қабатты тұрғын үйдің әр кіреберісіне залалсыздандыру жұмыстарын жүргізеді. Химялық препараттар себілгеннен кейін, тұрғындарға аса қажеттілік туындаған жағдайда ғана болмаса, 5 сағатқа дейін үйінен шықпауға кеңес беріледі.

«Тұрғындар неге 5 сағат отырамыз деп сұрайды.  Дезинфекциялық жұмыстар жүргізілгеннен кейін ол сіңу керек. Бір жағынан өздерінің сақтығы үшін ғой. Ал, сыртқа шұғыл шығу керек болған жағдайда, тұрғындардың бетпердесі, қолғабы болуы керек деп түсіндіріп жатырмыз», – деді қалалық Тұрғын үй саясаты басқармасының инспекция бөлімі басшысы Жандос ҚАЙЫРХАНОВ.

Бұрын мұндай шара әр тоқсан сайын ғана жасалатын. Ал, қазір коронавирустың алдын алу үшін күнделікті жүргізілуде.  

Дезинфекциялық жұмыстар тұрғын үйлерге 1 аптада 2 реттен жүргізіледі. Тұрғындар көп ұстайтын баспалардың тұтқалары, есіктердің тұтқаларын тазалау жұмыстары басты назарға алынған. Қауіпсіздік шарасы короновируспен қатар өзге де жұқпалы аурудың алдын алу мақсатында қолға алынып отыр. Мамандардың айтуынша, дәрілік қоспалардың адам ағзасына ешқандай зияны жоқ.

Бүгінгі дезинфекциялық жұмыстар Наурызбай ауданыннан басталды. Аудандағы жоспарланған 97 көп қабатты тұрғын үй залалсыздандырылды. Мамандар ірі тұрғын үй кешендерінің жертөлесінде орналасқан көлік тұрақтарына да химиялық дәрі септі.

«Наурызбай ауданы бойынша бүгінгі күнде бізде 15 дезинфектор, 3 бригадир, 3 көлік жүргізуші бар. Күніне 90-100 үйді дезинфекциялау жұмысы жүргізіліп жатыр», – деді дезинфекционист Нұрсұлтан БАТЫНОВ.

Бүгінде қала бойынша 8 мыңнан астам көпқабатты тұрғын үй, екі жарым мыңға жуық поъезд және 500 аула бар. Мамандар бұл жерлерге аптасына екі рет дезинфекция жұмысын жүргізеді. Химиялық дәрілік қоспа тұрғын үйлерден бөлек, аула маңындағы балалар ойнайтын алаңқайға да себіліп жатыр. Сол себепті тұрғындардан балаларын сыртқа көп шығармауы сұралады.

Ұлағат Арғын, «Алматы» арнасы