Ж. Бекшин егу пункттерінің жұмыс сапасы мен емханаларды тексерді

15.09.2021 в 21:35

Алматыда қала тұрғындарының 73 пайызы екпе алып, ел бойынша алғашқы үштікке еніп отыр

Алматыда қала тұрғындарының 73 пайызы екпе алып, ел бойынша алғашқы үштікке еніп отыр. Осылай, мегаполисте вакцина алуға ниет білдірушілер қатары күннен-күнге артып келеді. Алайда, коронавирус екпесінің дұрыс сақталуы аса маңызды фактор. Осы ретте, егу пункттерінің жұмыс сапасын бақылау және вакциналау ережелерін сақтау жөніндегі жұмыс тобы емханаларды тексерді, деп хабарлайды Almaty.tv 

Алматыда қала халқын вакциналауда бірқатар талаптардың орындалуы шарт. Мәселен, екпе жеткізілетін құрал-жабдықтан бастап, оның температурасы мен арақашықтығы дұрыс болуы қажет. Осыған байланысты қала әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаровтың тапсырмасымен арнайы комиссия құрылып, егу пункттерінің жұмыс сапасы бақыланып келеді. Бұл жолы да қаланың бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин жұмыс тобымен бірге емханаларды аралап, екпелердің суық тізбелік тасымалы мен сақталуына баға берді. Ең алдымен Алатау ауданындағы №29 емхана тексерілді.  

«Спутник V» екпесі тек қана мұздатқышта -18 бен -21 градус температура аралығында сақталады. Оның бір ампуласы тек қана 5 адамды егуге жетеді. Қазір өзіміз тексеріп, қарайық. Міне, «Спутник V» екпесі. Мұнда температураны өлшейтін арнайы индикатор бар. Сондай-ақ, төменгі бөлігінде бұл екпенің қанша градуста сақталып тұрғаны көрсетіледі. Ал, мына мұздатқыштың ішінде отандық «Казвак» вакцинасы мен VeroCell екпелері сақталған. Мұнда олар +3 градуста қойылған. Жалпы, ережеге сай +2, +5 градус аралығында сақталуы тиіс.

Сонымен қатар, мұнда жұқпалы вирус және COVID-19-ға шалдыққандар арнайы сүзгі бөлмелері дайындалып, антисептикалық құралдар мен тепловизорлар қойылған. Ал, екпе алғандарды алдымен журналға, кейін электронды түрде тіркейді. Бұл көрініс өзге емханаларда да байқалды. Ал, коронавирус жұқтырған науқастар саны көбейген жағдайда дәлізді екіге бөліп тұратын жылжымалы қабырғалар да жасақталыпты.    

«Трансформер қабырға» деп аталады. Ол 3 эпидемиологиялық жағдайға белгіленген. Жасыл, сары, және қызыл. Қызыл болғанда қабырғалар жабылады. Жасыл болған жағдайда қосымша қабырғалар көтеріліп, қызметкерлер мен пациенттер бір-бірімен еркін қарым-қатынаста бола алады»,– деді қалалық №29 емхананың бас дәрігері Ақмира Садықова.

Осылай, емхана дәрігерлері коронавирус өршіп, жұғу жағдайы көбейген жағдайда төтеп беруге дайын екендерін айтады. Ал, бас санитар дәрігер мұндай тексеру шаралары вакциналау қарқынын күшейтіп, егу жұмыстарының сапалы өтуін қамтамасыз етеді дейді.  

«Температура режимдері сақталып жатыр және иммунизациялаудың ақпараттық бағдарламалық құжаттары да бар. Бұл бұрынғыдай бір вакцина емес. Тіпті, коронавирустың 5 вакцинасы бізде болды ғой. Сондықтан, соларға арналған журналдар көп. Бірақ, қалай да болса, біз тәртіпті сақтауымыз керек. Неге десеңіз, бұл қауіпсіздік біздің пациенттеріміздің қауіпсіздігі»,– деді Қалалық Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Жандарбек Бекшин.

Бүгінде Алматыда екпе алғандар саны 916 мыңнан асты. Жалпы коронавирусқа қарсы вакцинаның 3 түрі бар. «Спутник V», VeroCell, «Казвак»-тың  бірінші және екінші компонентін қоса алғанда барлығы 127 мыңнан аса мөлшері тіркелген. Ал, бүгін тағы VeroCell екпесінің 50 мыңнан аса дозасы әкелінді.  

«Вакцина дұрыс сақталмаған кезде ол өзінің тиімділігін көрсету мүмкін емес. Сол үшін біз суық тізбелік тасымалдаудың бүкіл тексерісін өткіземіз»,– деді Қалалық қоғамдық денсаулық басқармасы басшысының орынбасары Светлана Сұлтанғазиева.

Сонымен қатар, бүгіннен бастап, қала тұрғындары өздері қалаған немесе жергілікті мекен-жайына жақын емханаларға еркін тіркеле алады. Ел бойынша бастау алған науқан 15-інші қарашаға дейін жалғасады.

Аяулым Көлжігіт, Ғани Қалуов, «Алматы» телеарнасы.