Алматыда карантин талаптарын бұзған 3000-нан астам адамға айыппұл салынды

24.04.2021 в 22:01

Алмалы ауданында «Мята» дәмханасы жұмыс істеген, онда 50-ге жуық адам болған

Алматыда карантин талаптарын бұзған 3000-нан астам адамға айыппұл салынды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Алматыда 23 сәуірден 24 сәуірге қараған түні белгіленген шектеулердің 11 бұзушылығы анықталды. Анықталғандардың жалпы санынан: 6 нысан мейрамханалар, дәмханалар мен дүкендерге, 1-і СПА салонына, 2-і компьютерлік клубқа, 1-і караокеге, 1-і түнгі клубқа жатады. 131 жеке тұлғаға қатысты хаттамалар толтырылды.

20 наурыздан 24 сәуірге дейін барлығы 670 бұзушылық анықталып, 3257 адамға айыппұл салынды.

Анықталған бұзушылықтар арасында:

- Алмалы ауданында «Мята» дәмханасы қызмет еткен, онда 50-ге жуық адам болған;

- Медеу ауданында «Френдли» түнгі клубы қызмет еткен, 50-ге жуық келуші болған.

Бұған дейін, 22-23 сәуір аралығында Алматының мониторингтік топтары «Монгол» дәмханасы мен «Game on» компьютерлік клубының жұмысын тоқтатқан болатын.

Алмалы ауданының мониторинг тобының жетекшісі Ерден Хайруллин тексеру қалай өтіп жатқанын, бұзушылықтарды анықтау кезінде мобильдік топтардың қандай қиындықтарға тап болатынын айтты.

23 сәуірге қараған түні сағат 00.30 шамасында Алмалы ауданының мобильді тобы «Монгол» дәмханасына барды, ол нысан бұған дейін де карантин режимін бұзғаны үшін полиция дерегіне түскен болатын, осы түні де мекеме жұмысын жабық есіктің ар жағында жалғастырды.

«Дәмхананың есігі жабық тұрды, бірақ мекеме белгіленген режимнен тыс жұмысын жалғастырды. Әкімші мониторингтік топ өкілдерін ішке кіргізгісі келмеді, содан кейін біз есікті ашу үшін ТЖ қызметін шақыратынымызды айтып, ескерттік. Осыдан кейін тексерушілерді дәмханаға кіргізді, онда 40-қа жуық адам болған»,  деді Алмалы ауданының мониторингтік тобының жетекшісі Ерден Хайруллин. Келушілермен профилактикалық әңгіме жүргізілді, мекеменің жұмысы тоқтатылды. «Монгол» дәмханасының басшылығына қатысты одан ары тиісті жұмыстар жүргізу үшін материалдар жиналды.

«Белгіленген шектеулерді үнемі бұзатын мекемелер бар. Олардың арасында «Мята» лаунж бары, Желтоқсан көшесіндегі «Любимое» караокесі, «Лолита» дәмханасы бар. Іс жүзінде барлық жерде әкімшілер жұмысқа кедергі жасайды, мекемеге кіргізбейді, ал келушілер қосалқы шығу есіктерінен немесе ас үй арқылы қашуға тырысады»,  дейді тексерушілер жұмысының қиындықтары туралы Е.Хайруллин.

Мысалы, Алмалы ауданы әкімінің қатысуымен жүргізілген ерте тексеру барысында «Пятница» дәмханасында карантиннің бұзылғаны анықталды. Мекемеге келушілер ас үй арқылы көшеге шығып, қоршаудан секірді. Тәртіп бұзушылар ұсталды.

Естеріңізге сала кетейік, Алматы эпидемиологиялық жағдайды бағалау бойынша «қызыл» аймақта орналасқан, сондықтан карантиндік шектеулерді бұзушылықтарды анықтау және болдырмау бойынша мониторингтік топтардың жұмысы күшейтілген режимге ауыстырылды.

Алматы әкімдігі мегаполис тұрғындарын адамдар көп жиналатын орындарға барудан бас тартуға, жаппай, жабық кештерге, банкеттерге, үйлену тойларына және басқа да іс-шараларға бармауға  шақырады.