Атырау облысында жүргізушінің көлігінен 56 келі бекіре тәркіленді

01.12.2023 в 09:34

Қазір ұсталған жүргізушіге қатысты сотқа дейінгі тергеу амалы басталды

Атырау облысының 30 жастағы жүргізушінің көлігінен 56 келі бекіре тәркіленді. Ол бағалы балықты заңсыз сатпақ болған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, күдікті Махамбет ауданында ұсталған.

«Махамбет аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері «Құқықтық тәртіп» республикалық жедел-профилактикалық шарасы кезінде Lada Kalina автокөлігін тоқтатып, тексеру жүргізді. Жүргізушінің көлігінен бекіре тұқымдас балықтың 15 данасы табылды. Балықтың салмағы – 56,6 келі. Бекіре тұқымдас бағалы балық тәркіленді. Жеңіл көлік жүргізушісінің бағалы балықты сатпақ болғаны анықталды», - деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

Қазір ұсталған жүргізушіге қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 339-бабы 1-бөлігімен сотқа дейінгі тергеу амалы басталды.

Өзге ақпарат ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес жарияланбайды.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда инспекторлардан қашқан браконьерлер 12 келі бекірені лақтырып кеткенін хабарлаған едік.