Жүргізуші куәлігін әперемін деп алдаған алаяқ ұсталды

09.06.2022 в 10:24

күдікті Қарағанды қаласының тұрғыны болып шықты

Полиция жүргізуші куәлігін әперемін деп алдаған қарағандылықты ұстады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Түркістан облысы ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Түркістан қалалық полиция басқармасына жас жігіт арызданған. Оның айтуынша «Instagram» әлеуметтік желісі арқылы белгісіз біреу «жүргізуші куәлігін жасап беремін» - деп сеніміне кіріп, ақшасын банк шотына аудартып алған. Жәбірленушіге келген шығын көлемі 60 000 теңгені құрайды. Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша тіркеуге алды.

Полиция қызметкерлері қылмысты ашу мақсатында банк шоттарын тексеріп, жан-жақты жұмыстар атқарған. Нәтижесінде осы қылмысқа қатысы бар күдікті Қарағанды қаласының тұрғыны болып шықты.

Қазіргі таңда күдіктіге қатысты тергеу амалдары жүргізілуде.

Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері белгісіз адамдарға сенім артпауға кеңес береді. Таныс емес, бөтен адамға ақша аударып, өзіңізге тиесілі құжаттың нөмірін бермеуді ескертеді.