Елордада зейнеткерлерден ақша алған алаяқ ұсталды

04.08.2023 в 10:38

Тұрғын ақшаны үйіне келген курьерге берген

Астананың жедел уәкілдері интернет-алаяқтардың нұсқауы бойынша жұмыс істеген «курьерді» тәулік ішінде анықтап, ұстады, деп хабарлайды Almaty.tv.

Елордалық полицейлер интернет-алаяқтардың нұсқауы бойынша жұмыс істеген дропперді ұстады. Күдікті зейнеткерлерге өзін құқық қорғау қызметкері ретінде таныстырып, жымысқы әрекетін іске асырып отырған. Хабарласқан адамдарына туыстарының жол-көлік оқиғасына себепкер болғанын айтып, жағдайды реттеу үшін ақша талап еткен. Ал тұрғындар қомақты соманы үйге келген «курьер» арқылы беріп жіберген екен. Артынша бұл алаяқтардың айласы екенін түсініп, полицияға арызданған. Қазір күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалған.

– Тергеу іс-шарасы барысында аталған азамат жұмыс істеу кезінде телеграм қосымшасынан хабарландыру көріп, «курьер» болып жұмысқа тұрған. Жұмыс барысында ол интернет-алаяқтарға алданған зейнеткерлерден ақша әкетіп отырған. Қолма-қол ақшаны алғаннан кейін оның белгілі бір бөлігін өзіне қалдырып, ақшаның келіскен бөлігін банк деректемелері арқылы шетелге жіберген, – деді Полиция департаменті Алматы ауданы полиция басқармасының аға жедел уәкілі Алтынхан Мұхиддинов

ҚР ҚК-нің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша тергеу жүргізілуде. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасуда.

Оқи отырыңыз: Қарағандыда қару-жарақ пен оқ-дәрі сақталған қойма табылды