ҰҚК арнайы операциясы: Қазақстанда ұйымдасқан қылмыстық топтың 72 мүшесі ұсталды

06.10.2023 в 10:48

Тергеу іс-шаралары жүргізіліп жатыр

5 қазанда ҰҚК полиция органдарымен бірлесе және Бас прокуратураның үйлестіруімен бір мезгілде Жетісу, Жамбыл және Түркістан облыстарында арнайы операция жүргізді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҰҚК мәліметіне сілтеме жасап.

Нәтижесінде қару мен есірткіні заңсыз сақтауға, бопсалауға, заңсыз көші-қон арналарын ұйымдастыруға және өзге де ауыр қылмыстар жасауға күдікті топтардың 72 мүшесі тергеу амалдарын жүргізу үшін жеткізілді.

"Топтар өз әрекетін Қытаймен ("Қорғас" ХШЫО), Өзбекстанмен ("Жібек жолы" өткізу пункті) және Қырғызстанмен ("Қордай автомобильдік" өткізу пункті) шекаралас учаскелерде жүзеге асырған.

Тінту барысында атыс қаруы оқ-дәрілерімен, ірі ақша қаражаттары, есірткі, сондай-ақ өзге де заттай дәлелдемелер тәркіленді", - делінген хабарлдамада.

Тергеу іс-шаралары жүргізіліп жатыр.

Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабының 1-бөлігіне сәйкес өзге ақпараттар жарияланбайды.