Елімізде интернет алаяқтық көбейіп барады

11.07.2022 в 16:19

Биыл 9 мыңнан астам қылмыс тіркелген

Елімізде 6 айда ішінде интернет алаяқтық бойынша 9 мың 600-ден астам қылмыс тіркелген. Ол туралы Криминалдық полиция департаменті Киберқылмысқа қарсы күрес орталығының бастығы Жандос Сүйінбай айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Оның айтуынша, интернет арқылы алдаудың ең көп таралған түрі онлайн-сауда болып отыр. 6 айда осы бағытта 3,5 мыңнан астам алаяқтық жасалған.  Банктер мен микрокредиттік ұйымдарда жалған онлайн-қарыз рәсімдеуге қатысты 1,5 мыңға жуық факті анықталыпты.  

«Шамамен 750 жағдай әртүрлі жобаға ақша салу арқылы жасалған. Жеке кабинетке қосылу немесе кабинетті құру арқылы пластикалық картаның шоттынан 2,5 мыңға жуық алаяқтық жасалды», – деді ҚР ІІМ Криминалдық полиция департаменті киберқылмысқа қарсы күрес орталығының бастығы Жандос Сүйінбай.

Соңғы уақытта құқық қорғау органдары қызметкерлерінің атынан жасалатын алаяқтық фактісі де жиілеп кеткен. «Жалған полицейлер» азаматтарға хабарласып, оларға жылжымайтын мүлік кепілдігімен несие рәсімделіп жатқанын айтады. Алаяқтарды ұстау үшін жылжымайтын мүлікті шұғыл түрде төмен бағамен сатуды ұсынады, ал ақшаны сақтау үшін «сақтандыру шотына» аударуға кеңес береді.

«Биыл мамыр айында Нұр-Сұлтан қаласындағы Полиция департаментінің жедел тергеу тобының қызметкерлері астаналық тұрғынның есепшотынан 137 млн теңге қаржы ұрлаған 7 адамнан тұратын қылмыстық топты әшкереледі. Тексеру барысында бұл топтың құрамында Қазақстан мен шетел азаматтарының бар екені анықталған. Тінту кезінде8 миллионнан аса ақша, қалта телефондары, SIM карталар, 20-дан астам төлем картасы, сондай-ақ банк карталарының атаулары мен парольдерінің жазбалары табылды»,  – деді ҚР ІІМ Криминалдық полиция департаменті киберқылмысқа қарсы күрес орталығының бастығы Жандос Сүйінбай.