18 жастағы бойжеткенді қастандықпен өлтірген күдікті ұсталды

09.11.2021 в 14:20

Қөскөй өрімдей қызды буындырып өлтіріп, кейін сол пәтердің ішінде өртеп жіберген

Алматыда 18 жастағы бойжеткенді қастандықпен өлтірген күдікті ұсталды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Жантүршігерлік жағдай 7 қараша күні қаладағы элиталы тұрғын-үй кешендерінің бірінде болған. Қөскөй өрімдей қызды буындырып өлтіріп, кейін сол пәтердің ішінде өртеп жіберген. Бойжеткеннің өлі денесі жексенбі күні осы тұрғын үйден табылыпты. Ал ең сорақасы қанды оқиға болған пәтер осы уақытқа дейін жалға беріліп келген екен.

«Аталмыш қылмысты жасады деген күдікпен 1987 жылғы Ә. есімді азамат ұсталған болатын. Қылмыстық іс-жүргізу кодексінің 128-бабына сәйкес, ол уақытша оқшаулау абақтысына қамалды. Қазіргі таңда тергеу амалдары жүріп жатыр», – деді Алматы қалалық Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек. 

Қанды оқиға осы тұрғын-үй кешенінің 13-қабатында болған. Қазір қыздың денесі табылған 307 пәтердің есігі мөрленген.

Айта кету керек, ұсталған күдікті бұрын бұзақылық дерегі үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Ал мұндағы тұрғындар ықшамауданда бұрын-соңды мұндай жантүршігерлік оқиға болмағанын айтады.   

«Оқиға болған күні пәтерге кірдім, қыздың денесін көрдім. Өте жас, кішкентай қыз. Үйдің іші көк түтін болды. Пәтерден шыққан иіс қолқаны қабады. Жігіт қызды әбден қорлап, ойына келгенін істеген көрінеді», – деді куәгер Ғабиден Садырбаев.