Күйеуі ұрып өлтірген әйелдің кішкентай үш баласы жетім қалды

12.11.2021 в 17:14

Криминалистер қайтыс болған әйелдің денесінен көгерген соққының іздерін тапқан

Алматыда 42 жастағы әйелді күйеуі ұрып өлтірді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.    

Қайғылы жағдай Ақбұлақ шағынауданында болған. Қаза тапқан әйелдің анасының сөзінше, үйде жанжал болған. Зейнеткер бірден тәртіп сақшыларына хабарласып, күйеу баласының әйеліне ішімдік бергенін, үш баласы қараусыз қалатынын айтып дабыл қағыпты.  

«Үйдің иесі «Менің қызымды күйеу балам ұрып тастады» дейді. Мен оны Шәріпов көшесінің бойынан қашып бара жатқан жерінен ұстап алдым. Содан осы оқиға орнына алып келдім», – деді Алатау аудандық полиция басқармасының инспекторы Дәурен Шәпкенов.

39 жастағы күдікті ұсталғанымен ол өз кінәсін мойындамаған. Криминалистер қайтыс болған әйелдің денесінен көгерген соққының іздерін тапқан. Қазір әйел өлімінің себебі анықталып жатыр. Сот-медициналық сараптама тағайындалды.